Түркістан облысында тәртіп бұзған 10 бірдей әкімдік қызметкері әдепсіздіктері үшін жауап берді. Қызметтерін салғырт атқарып, кейбірі тіпті арыз шағымның астында қалған. Лауазымын асыра пайдаланғандардың тәртібі «май шаммен» қаралды. Еркінсіген азаматтардың алдағы жай күйі қалай болмақ?
Әдепсіздік танытып, міндетін меншігіне айналдырғандарды прокурорлар алдарына салып алып келген. Солардың бірі — аудан әкімінің орынбасары Азат Оралбаев. Шенеунік ауданның сәулет және қала құрылысы бөлімінің маманымен тізе қосып, мемлекеттік қызмет көрсетулер кезінде әкімшілік кедергілер келтірген.
Қалған тоғыз тұлғаның төртеуі бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылып қойғандықтан олардың ісі қаралмады. Ал, жауапқа тартылуы керек болған Түркістан қаласының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қадырбай Үсенбаев аяқ астынан іс сапарлатып жиынға келмей қалыпты. Әдепсіздіктері үшін мойындарымен жауап бергендердің кейбірі тіпті кеңес төрағасынан бұзақылық жасап қойған оқушылардай кешірім сұрады.
Кентау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басшылығы мен Бәйдібек ауданының білім бөлімінің басшысы және екі тұлғаның істері тоқтатылды. Ал, қалған жауаптылардың ісі жергілікті әкімдікке жіберілетін болады. Шенділердің орнында қалу, қалмауын сөйтіп, әкімшілік шешпек. Жалпы, мұндай әдеп жөніндегі кеңес отырысы екі айда бір рет қаралып отырады.
Ардақ Берден