Шымкент қалалық мамандандырылған тергеу соты 7 жасар бүлдіршін қызға жыныстық сипаттағы азғындық әрекеттерін жасады деп күдіктелген 56 жастағы азаматты екі ай мерзімге қамауға алу туралы санкция берді.
1962 жылы туған Шымкент қаласының тұрғыны 2 — сыныпта оқитын қыз баланы өз үйіне алдап апарып, арам пиғылын іске асырған көрінеді. 7 жасар бүлдіршіннің ата- анасы сұмдық оқиға болған уақытта жұмыста екен. Қыз бала туған әжесінің қарауында қалдырылған.
Бүлдіршінге азғындық жасаған ер адам отбасылы, бірақ туған перзенттері жоқ көрінеді. Бұрын сотты болмаған. Күдіктінің жұбайы үйінде азғындық оқиға болған кезде жұмыста болған.
Күдіктіге ҚР ҚК — нің 121 бабы, 4-ші бөлігімен айып тағылды.
«Жәбірленушінің айғақтарын сақтауға қою туралы сот мәжілісін өткіздім. Іс-құжаттарына қараған кезде күдікті де өзінің жыныстық сипаттағы іс — әрекеттер жасағанын жоққа шығарып отырған жоқ. Тергеу судьясы тергеу барысына бағыт бағдар бере алмайды. Күдікті күзетпен бұлтартпау шарасымен тергеу абақтысына тоғытылды»-дейді Шымкент қалалық тергеу сотының судьясы Сержан Айнабеков.
Жанар Есенбекова