Ақпараттық-насихаттық топ аудан, қалаларда жүр

429

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын насихаттау бойынша 5 ақпараттық-насихаттық топ құрылған болатын. Облыс әкімінің орынбасарлары бастаған топ құрамында зиялы қауым өкілдері, оқытушылар мен ғалымдар, тарихшылар мен басқарма басшылары бар.

Облыс әкімінің бірініші орынбасары Қайрат Нүкенов бастаған топ Отырар ауданы мен Арыс, Кентау және Түркістан қалаларында халықпен кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдады. Жолдаудағы экономиканы, өндірісті дамытуға бағытталған тараулары туралы әңгімеледі. Ал, Төлеген Сәрсембаев жетекшілік жасаған ақпараттық-насихаттық топ Қазығұрт, Шардара, Сарыағаш аудандарындағы жұртшылықпен жүздессе, Ербол Садыр бастаған ақпараттық-насихаттық топ Созақ, Бәйдібек, Ордабасы ауданын аралап, Жолдауды насихаттап жатыр.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков бастаған ақпараттық-насихаттық топ алдымен Мақтаарал ауданының тұрғындарымен кездесті.  Жиында облыс әкімінің орынбасары Жолдаудың жаңадан құрылған Түркістан облысында кәсіпкерлік пен туризмді дамытуға үлкен серпін беретінін атап өтті. Сондай-ақ, Сырдария университетінің доценті М.Мейірбеков Елбасы Жолдауының тарихи мәнін терең түсіндіріп, ондағы білім саласына қатысты айтылған мәселелерге тоқталды. Мақтаарал ауданының қариялары атынан сөз сөйлеген ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Оңғаров пен аудан жастарының лебізін жеткізген Мақтаарал агробизнес колледжінің студенті Ұ.Теңізбай Елбасы Жолдауына қолдау көрсетіп, ондағы айтылған тапсырмалардың жергілікті жерде орындалуы үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару керектігін айтты. Енді бұл насихаттық топ Келес пен Жетісай аудандарын аралайды.

Бұл кездесулерде Жолдаудың негізгі бағыттары түсіндіріліп қана қоймай, аудан, қалалардағы өзекті мәселелерді сараптау да жоспарланған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі