Президент жолдауын «қызыл сөзбен» әсірелемей-ақ, түсінікті тілмен жеткізу пайдалырақ. Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Ақпарат комитетінің төрағасы Ержан Нүкежановпен кездесу барысында осындай ой айтылды.
Елбасының халқына арнаған Жолдауын насихаттау бойынша Республикалық ақпараттық-насихаттық топ бүгінде өңірдің аудан-қалаларында түрлі басқосулар өткізуде. Бүгінгі жиынды ұйымдастырған — Қазақстан журналистер одағының өңірлік филиалы.
«Жолдауды насихаттауда БАҚ және әлеуметтік желілердің рөлі» тақырыбында сөз алған әріптестер оның әлеуметтік саланы, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған маңызды тұстарын атап өтті. Бұл ретте өңір тілшілері барынша белсенді екенін де тілге тиек етті.
Кез-келген тірліктің сапасына баса назар аударылуы керектігі жиі айтылып жүргенімен, көбінде сөз жүзінде қалып жүргені айдан анық. Комитет төрағасы да, жиында сөз алған тілшілер де салада кездесетін әлеуметтік, экономикалық, тіпті, әдептілік тұстарды сөз етіп, еркін форматта сұрақ-жауап ретінде пікір алмасты.
Министрлік өкіліне қойылған сауалдар мемлекеттік органдардан ақпаратты уақытылы және жан-жақты алу мүмкіндігінен бастап, БАҚ-тарға бәсекелестік нарығында мемлекеттік тапсырыстарды немесе гранттар бөлу сияқты маңызды тұстарды қамтыды.
Зәуре Оралбаева