«Алаш» базары өртке қарсы шараларды күшейтті. Сауда орталығының басшылығы базарда жұмыс істейтін 800 жеке кәсіпкердің және сатып алушылардың қауіпсіздігіне жауапты. Сондықтан да, олардың әрқайсысымен кездесіп, тілсіз жаумен күресудің жолын қайта пысықтады.
Базар басшылығы Абай ауданы әкімдігінің кәсіпкерлерді қолдау бөлімі мамандарымен сауда қатарларын аралап, сатушылар мен тұтынушыларға өртке қарсы ережелерді сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, сауда орталығындағы дүңгіршектер талапқа сай орнатылғанын көрсетті.
Өрттен кейін тез есін жиған саудагерлер, сақтық шараларын орындауға бірден келісті. Базар басшылығы тілсіз жаудан жапа шеккендерге жағдай жасап, дүңгіршектерін жөндеуден өткізіп берген. Қауіпті жағдайды болдырмау үшін жауаптылардың айтқанын екі етпеді. Мұндай түсіндірме жұмыстарының жиі жүргізіліп тұратынын айтады.
Ералхан Байханов, «Алаш» сауда орталығы директорының орынбасары: «Өрттен кейін, ең басты міндет: жеке кәсіпкерлерге жағдай жасау. Міне, отқа оранған төрт дүңгіршектің үшеуінде жөндеу аяқталды. Төртіншісінде құрылыс жүріп жатыр. Жеке кәсіпкер дизайнын өзгертпек, бізде түсіністік танытып, қолдадық».
«Алаш» базар басшылығы сол күнгі өртті шұғыл ауыздықтауға сауда қатарларының талаптарға сай орналасуы, кең әрі арнайы көліктердің жүруіне жағдай жасалғанын алға тартады. Оған базар аумағындағы барлық гидранттарда судың қоры жеткілікті және олар тұрақты түрде тексеріліп тұратынын қосты. Тосын жай орын ала қалса, дүңгіршектердегі құрылғылардан соғылған дабыл арнайы диспетчерлік тетікке келіп түсетінін көрсетті.
Сауда орталығындағы сатушының бірі Фарида Ахметова жұмыста еш күрделіліксіз жұмыс жасап жатқанын, қауіпсіздік шаралары сақталғанымен байланыстырады. «Өрт қауіпсіздігін сақтау жайлы нұсқау жеке кәсіпкерге келісімшарт түзгенде жіті түсіндіріліпті. Халық көп шоғырланған аумақтың аса мұқияттылықпен қорғалуы заңдылық»,- дейді ол.
Фарида Ахметова, жеке кәсіпкер: «Саудамен айналысқаныма 12 жыл болды. Әрине, жұмысқа орналасқанда келісімшартқа қол қойдық. Құжатта өртке қарсы қауіпсіздік шаралары алғашқы болып жазылған. Базар басшылығы да үнемі электр жарығы және өзге де құрылғыларды пайдаланғанда , мұқият болғанымызды талап етеді. Төтенше жағдай орын алса, міндетті түрде хабарлама аламыз. Өйткені дүңгіршектерде дабыл құрылғылары орнатылған».
Айта өтейік, базар аумағында бейнебақылау құрылғылары орнатылған. Түсірілім тәулік бойы кезекшілердің бақылауында. Оқыс жағдай орын алса, ол жөнінде басшылық және тиісті органдар ақпараттандырылады.
Шынар Оразова