Аулалар абаттандырылуда…

494

Елбасының тапсырмасымен Шымкентте аулаларды абаттандыруға 856 млн. теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 49 аула жөнделмек. Қала басшылығы сондай-ақ, 66,9 млн. теңгені 6 спорт алаңшасын жаңартуға бөліп отыр. Бұл бағытта Шымшаһарда 171 ауланы абаттандыру үшін сметалық құжаттама әзірленген. Бұл тарапта Әл Фараби ауданы әкімдігінің атқарып жатқан жұмыстары ауқымды.

Қарасу көшесіндегі үш көпқабатты үйде 200 пәтер бар. Мұнда балғындар ойнайтын алаңша болмаған. Оны сұрап талай табалдырықты тоздырған тұрғындар биыл талап тілектерінің орындалғанына қуанышты. Аула абаттандырылып, зананауи ойын элементтері мен орындықтар, қоқыс тастайтын құтылар орнатылып жатыр.

Үй төрайымы: “Балаларымыз тас және ағаш бұтағымен ғана ойнайтын. Енді түрлі ойын элементтер қойылады екен. Ауланы абаттандыру жұмысын бастамас бұрын әкімдіктің мамандары тұрғындармен кездесіп қандай элементердің қажет екенін, орындықтарды қайда қоятынын сұрастырып жиналыс өткізді. Бәрін келісіммен жасап жатыр, рахмет” дейді.

Әл Фараби ауданы бойынша 672 көпқабатты тұрғын үй 400 аулаға біріктірілген. Ағымдағы жылдың 1- қаңтарына дейін 217 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы орнатылған. Сондай-ақ, 183 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандыру және балалар ойын алаңшасын орнатуды қажет етеді. Биыл 22 аула абатандырылады оған бюджетен 270 млн. теңге қаражат бөлінген .

Дәуран Босымбаев, аудан әкімінің орынбасары: «Біз жобаны әр ауланың ерекшелігіне қарай жасаймыз. Қаражатт та сол атқарылатын жұмысқа қарай бөлінеді. Сондай- ақ, қойылатын ойын элементтері бала үшін қауіпсіз болуы қажет. Бұл басты талап. Астана мен Алматы қалаларының үлгісін алдық».

Аулаларды абаттандыру екі мердігер мекемеге жүктелген. Келісімшарт бойынша желтоқсан айының соңына дейін барлық жұмыс аяқталуы тиіс.

Нұрлан Күдерұлы