Мақтаның отаны саналған Мақтаарал ауданына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев пен Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен келді. Мақталы өлкедегі ауыл шаруашылығы саласының даму барысымен танысқан министр бірнеше нысандарды аралады.
Ең алдымен министр Достық ауылдық округі, Гүлістан ауылындағы «Дармон» шаруа қожалығына барды. Қожалық басшысы Даврон Туйматов биыл 46,38 гектар жерге егін еккен. Оның 5 гектары дәндік жүгері болса, қалған 41,38 гектары мақталық алқап. 15 адамды жұмыспен қамтып отырған «Даврон» шаруа қожалығының техникалық жағдайы да жақсы. Атап айтқанда, 2 дана Алтай (Т-4), 2 дана МТЗ, 1 дана мақта теру комбайны, 3 дана тіркемесі мол өнім жинауға мүмкіндік беріп отыр.
Жалпы Мақтаарал ауданында 38 593 гектардан аса жерге мақта шиті себілген. Биыл орташа есеппен гектарынан 21-24 центнерден өнім алу көзделіп отыр. Бүгінде аудандағы мақта қабылдау бекеттеріне 20 мың тоннадан астам ақ алтын келіп түскен болса, диқандар терім біткенше 80 мың тонна ақ ұлпа жинап алуды жоспарлауда. Ол үшін 365 терімшілер бригадасы, 100-ге жуық комбайн мақта теру науқанына жұмылдырылған.
Мақтаның тезірек ашылуы үшін ауданда қазірдің өзінде 33 мың гектардан астам мақталық алқапқа дефолация шаралары жасалған. «Дробь плюс», «Авгурон экстра», «Коттон», «Реглон-супер» химикаттарының мақта жапырағын түсірудге тиімді әсері байқалуда. «Көсектерге күн жақсы тиген соң тезірек ашылып жатыр. Көптеген шаруалар дефолиацияның пайдасын білмейді. «Мақта салмақ жоғалтады» деп оны жасаудан қашады. Көк көсектер күзде үсік шалғанда бір-ақ ашылады. Ондай мақтаның сапасы да болмайды» — деді Д.Туйматов.
Мұнан соң министр Ө.Шөкеев Қазақстан-Өзбекстан Республикаларының шекарасында орналасқан «Достық» каналындағы №73-ші су реттегіш көлденең тоспасының жағдайымен және ауданда жүзеге асқалы тұрған ПУИД-2 бағдарламасының барысымен танысты.
Мақтаарал ауданында 40 мыңға гектарға жуық жер ПУИД-2 бағдарламасына енген. Жобаның бірінші этапы бойынша Еңбекші және Жаңажол ауылдық округіне қарасты 8 мың гектар жерде тік дренажды ұңғымаларды салу, коллекторлық жүйелер мен каналдарды тазалау жұмыстары басталғалы тұр. Ол үшін мердігер анықталып, құрылыстың басталуы үшін дайындық жұмыстары жасалуда. Сондай-ақ, жобаның екінші кезеңі Иіржар мен Жамбыл ауылдық округтерінің 16 мың гектарын қамтыса, үшінші кезең бойынша Атакент кенті, Мақтаарал және А.Қалыбеков ауылдық округтерінің 15 мың гектардан астам егістік алқабы жер асты суларынан арылып, тұзданудан сақталмақшы.
Осылайша министр өңірдегі ауыл шаруашылығы саласына қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, кейбір мәселелі жағдайлардан да құлағдар болды. Аудан әкімі Бақыт Асанов Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты К-17 каналы мен Жаңа жол ауылдық округіне қарасты К-15 каналдарын және 57 дана тік дренажды ұңғымаларды республикалық меншікке өткізу және «Северный» су қашыртқысының су өткізу қабілетін арттыру мақсатында механикалық тазалаудан өткізу жұмыстарын жасау керектігін айтып, министрден мәселелерді шешуге ықпал етуді сұрады.
Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі