Облыс әкімдері жеке инвестиция тарту жұмыстарына баса назар аударулары қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2018 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша инвестиция тартуда барлық тиімді көрсеткіштердің өскенін министрдің баяндамасынан естідік. Жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындары құрылды. Инвесторларға барлық деңгейде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуде. Инвестициялар тартудың жаңа тетіктері енгізіліп жатыр. Дегенмен, біраз жағдайға назарларыңызды аударғым келеді. Біріншіден, инвесторлармен жұмыс істеу үшін қажетті жағдай жасалды. Әкімдердің арнайы орынбасарлары тағайындалды. Қазір өңірлерде қосымша орынбасарлар Елбасының келісімімен тағайындалған. Әр өңірде «Қазақ Инвестің» өкілдіктері мен инвестициялық көмек көрсету орталықтары ашылды. Өңірлік инвестициялық штабтар құрылды. Осылайша өңірлерде инвесторлармен тиімді жұмыс істеуге барлық жағдай жасалды. Сондықтан барлық әкімдер бұл мәселеге барынша жауапкершілікпен қарап, жұмысты үйлестіруі және іс-қиылды күшейтуі қажет», — деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысы келесі кезекте өңірлерде жеке инвестиция тарту жұмыстарының көңіл көншітпейтіндігін баса атап өтті.
«Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өз баяндамасында қалаға салынған жеке инвестиция көлемі ОҚО үлесінен төмендігі бюджеттік инвестицияның өсуіне байланысты деп айтып кетті. Мұндай бар, оны қабылдауға болмайды. Егер біз осылай қол қусырып отыратын болсақ, онда бүкіл жұмысымыз бюджетке қарап қалады. Жалпы инвестиция өсімі Шымкентте 275 пайыз, ал жеке инвестиция үлесі 65 пайыз. Мұндай жағдайлар СҚО, Ақтөбе, Қызылорда, Астана қалаларында бар. Яғни, жеке инвестиция тарту жұмысы жоқ деген сөз. Барлық жұмыс — бюджеттен, республикадан ақша алу, трансұлттық компаниялардың инвестициясын әкелу. Ал жеке инвестиция тарту, оларға жағдай жасау жоқ. Сол себептен құрметті әкімдер осыған баса назар аударыңыздар», — деді Бақытжан Сағынтаев.
Сонымен қатар ол Елшіліктердің негізгі жұмыс елге инвестиция тарту екендігін атап өтті және бірінші орынбасары Асқар Маминге шетелден тартылған инвестицияларды қай елден, қай Елшіліктің көмегімен келгенін саралауды тапсырды. «Біз жалпы түрде береміз. Ал мүмкін оның ішінде белгілі бір Елшіліктер ғана жұмыс істеп жатқан шығар? Басқа жерден қызығушылық болғанымен жұмыс жоқ шығар? Қарайық, жұмыс болса айтамыз, болмаса қажетті көмек көрсетіп, күш салайық», — деді Үкімет басшысы.