Балабақша тәрбиешілерінің еңбек ақылары 50 пайызға дейін көтеріледі

542
24.kz

Э. Суханбердиеваның айтуынша, Президенттің Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын орындау үшін Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі білімге қатысты бірқатар мәселелерді қарастырып жатыр, деп хабарлайды primeminister.kz.

«Біз жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Жол картасын жасадық. Жұмыс тобы құрылып жатыр. Бірыңғай ұлттық біліктілік тестілеуін енгізу бойынша жұмыстарды бастап жатырмыз», — деді вице-министр.

Орта буын педагогтарына арналған біліктілік тестілеуі әзірленіп қойғанын айта кету керек. Сонымен қоса, биыл маусым айында 56 910 педагог сол тестілеу бойынша аттестаттаудан өткен. Тестілеуден және екінші кезеңнен өткен мұғалімдер 1 қыркүйектен бастап жаңа жалақы алып жатыр. Келесі тестілеу 2018 жылы қарашада өтеді.

Тәрбиешілер үшін де осындай ұлттық біліктілік тестілеуін енгізу жоспарланып отыр.
«Біз жалақы деңгейін көтеру туралы айтып отырмыз. Ұлттық біліктілік тестілеуінің нәтижелері бойынша 30%-дан 50%-ға дейін қосымша төлемақы енгізіледі. Яғни, бұл тек тәрбиешілердің ғана емес, балабақша меңгерушілері мен әдіскерлерінің де жалақысына қатысты», — деді Э. Суханбердиева.

Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова тапсырма бойынша 2023 жылға қарай жалпы біліп беру саласына жұмсалатын шығындар біршама арттырылатынын айтты.

«Бізге бөлінетін қосымша қаржының арқасында, 2019 жылдан бастап балабақша тәрбиешілерінің, әдіскерлері мен меңгерушілерінің жалақысы өседі. Педагогтардың мәртебесі туралы заңды әзірлеу аясында мектеп директорлары мен директорлардың орынбасарларының жалақысын көтеру қарастырылып отыр. Сонымен қатар, педагогтарды қолдау мақсатында сыныпқа жетекшілік еткені және дәптерлерді тексергені үшін жалақыны үш есеге дерлік арттыру қарастырылуда. Бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінеді», — деді Б. Асылова.