Түркістан облыстық ІІД көші-қон қызметі басқармасының бұрынғы басшысы Нұрдәулет Төлегенұлының жазасын өтеу мерзімі жеті жылдан бес жылға қысқартылды. Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасының қаулысы осындай болды.
Осы жылдың сәуір айында құрықталған экс-шенеунік Әл Фараби аудандық сотының үкімімен 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілген болатын. Бастапқы сот шешімімен келіспеген сотталушының адвокаты апелляциялық алқада жәбірленушінің бірін тек куәгер ретінде тануды, иемденген ақша көлемін азайтуды сұрады.
Ағабек Шымырбаев, адвокат: «ҚР ҚК — нің 367 — ші бабын алып тастауды сұранамын. Өйткені, аталған баппен көрсетілген қылмыс құрамы жоқ деп есептеймін. Сондай — ақ, жәбірленуші ретінде танылған Қараибрагимовты куәгер ретінде тануды сұраймын. Жәбірленуші ретінде ғана не моральдық, не материалдық шығын келген жоқ».
Азаматтықты алмақ болған ауғандық пен бірге жәбірленуші ретінде танылған екінші тұлға апелляциялық сот отырысында сөз алды. Трибунаға шығып, тағы да толық түсіндіріп өтті.
Мемлекеттік айыптаушы, яғни прокурор сотталушының иемденген 3500 АҚШ долларын жәбірленушіге, яғни ауғандық азаматқа қайтарып беру туралы өтінімхатын жариялады. Сонымен, экс — шенеунік Нұрдәулет Төлегенұлына ҚР ҚК — нің 367 бабымен тағылған айып алынып тасталды. Екі жәбірленушінің бірі куә ретінде ғана қайта танылды. Қалалық соттың апелляциялық алқасының қаулысымен бұрынғы полицей енді 7 жыл емес, 5 жыл жазасын өтейтін болады.
Жанар Есенбекова