Елбасы Түркістан облысына жұмыс сапары аясында өңір жұртшылығымен кездесті. Мемлекет басшысы қала тұрғындары алдында сөйлеген сөзінде жаңа Түркістан облысын құрудағы мақсатын ашық айтты. Өңір орталығын Түркістан қаласына көшіру тарихи мәнге ие екенін тізбектеп берді. Енді оны дамытуға барша түркістандықтарды шақырды. Әсіресе, жастар қаласы болатынын тілге тиек етіп, жас толқынға серпін берді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың облыс орталығына келгенін естіген жұрт, «Этноауыл» алаңына көптеп жиналды. Мұнда «Түркістанға оралу» салтанатты іс-шарасы ұйымдастырылған. Алдыңғы толқын ағалардан бастап, белсенді жастарға дейін мемлекет басшысын зор ықыласпен күтіп алды.
Бірден мінберге көтерілген Нұрсұлтан Назарбаев көпті Түркістан облысының құрылуымен құттықтады.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті: «Түркістан — біздің халқымыз үшін үлкен маңызға ие. Орта Азиядағы көне де қасиетті қалалардың бірегейі. 2000 жылы біз Түркістанның 1500 жылдығын атап өттік. Мұнда қазақ халқының ұлы тұлғалары мен қайраткерлері жерленген. Тарихымыздың қилы кезеңдерінде бұл жерде ұлтымыздың болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданған. Жалпы, Түркістанның тарихы — күллі қазақ халқының тарихы».
Нұрсұлтан Назарбаев Орта Азия аумағына ислам дінін тарату үдерісіндегі Түркістанның рөлі жөнінде әңгімеледі. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қасиетті Түркістан топырағында қазақ халқының ұлы тұлғалары мен игі жақсылары жерленгенін айтты.
Сондай-ақ, Президент Түркістанның түркі халықтары үшін де аса маңызды қала екендігіне тоқталып, қабылданған Жарлыққа сәйкес қала жаңа биіктерді бағындыратынына сенім білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанды ілгерілету ісінде барша тұрғындарға табыс тіледі. Сондай-ақ, киелі шаһарды жастардың қаласы етуге шақырды! Мінберден түсе сала, сол сенімді ақтайтын жастарға жақындап, ерінбей еңбек етуін тапсырды.
Елбасын зор ықыласпен шығарып салған көпшілік серпіліп қалғандарын жасырмады. Енді туған мекенді дамытуға білек сыбана кірісетіндерін айтып жатты. Әсіресе, жастар қауымы белсенділік танытып, Түркістанды түлетуге уәде етті.
Айта өтейік, бұл Елбасының Түркістанға ресми түрде жасаған 15-сапары екен. Әр келгенде халықты шабыттандырып кететін мемлекет басшысының әр сөзін түртіп алған түркістандықтар, енді облыс орталығын адам танымастай өзгеретініне кәміл сеніп, дәл осы күнді Қала күні ретінде атауды ұсынды.
Ардақ Жақсылықова