Ескендір Хасанғалиев өзін «өлтіріп» қойғандарды сотқа бермек

612
Фото: eskendir_khassangaliev

«Атамекеннен» айырылып қалдық. Дұрысы «Атамекен» әнінің авторы Ескендір Хансағалиев қайтыс болды» деген ақпарат таралды кеше.

Ақпараттың анық-қанығын тексеріп, білмей жатып көптеген көңіл айту постары жарияланып жатты. Абырой болғанда Ескендір Хасанғалиев өзінің Көкшетауда демалып жатқанын айтып жеке парақшасында жазды.

«Құрметті, халқым! Әлеуметтік желілерде таралған ақпарат- өтірік! Мен Оқжетпесте демалысымды өткізіп жатырмын» деген композитор жалған ақпаратты таратқан сайтты сотқа беретінін де айтқан. Қазақтың біртуар азаматының амандығына қуанған ағайын тілеулестіктерін білдіруде.

Атақты адамды «өлтіріп қойып» сенсация жасамақ болған ақпараттық сайттың жазасыз қалмасы анық.

Бүгінде мессенджерлер арқылы ақпараттық арандату оқиғалары жиілеп кетті. Әсіресе WhatsApp желісі жалған ақпарат таратудың «төте жолы» болып тұр. Көпшілік мұндай хаттардың анық қанығына көз жеткізбестен-ақ таратуға құмар. Соған орай ел үрейін ұшыратын жалған ақпаратқа сенушілер де басым.

Ағымдағы жылдың басынан бері жалған ақпарат таратудың 46 фактісі тіркеліпті. Мұндай құқық бұзушылық үшін оның ауырлығына байланысты айыппұл салудан бастап 5 жылға бас бостандығынан айыруға дейін жаза көзделген.

Әрине, жалған ақпарат таратушылар жазасыз қалмайды. Жалған сенсация құмар ақпарат құралдарының «құлағына алтын сырға»… «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңына сәйкес, интернет-ресурс БАҚ қатарына жатады, ал онда жарияланған ақпарат БАҚ өнімі болып табылады. Кімге тиесілі екендігіне қарамастан, интернет-ресурста, соның ішінде әлеуметтік желіде жарияланған ақпарат нақтылау талаптарына сай, заңды және жеке тұлғаның заңды құқықтары мен мүдделеріне қайшы болмауы керек.

Аталмыш заңдық талаптарға сәйкес, заңды және жеке тұлға, ұйымдарға немесе заңмен қорғалған қоғамдық мүдделерге қайшы болатын ақпаратты таратушы адамға 5000 АЕК айыппұл салынады немесе 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ақпаратқа қатысты қалдырған пікірлер өзге тұлғаның ар-намысына тиетін сөздер болса онда 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.

Ресми сайттарда нақты дерек көзі беріледі. Сенсацияқұмар емес, нақты ақпараттармен жұмыс істейтін БАҚ -да оқырман санын көбейту үшін мақала жазбайды. Өкінішке қарай, бүгінде айналасын «өртеп» жаңалық жариялайтын сарыжағал сайттар қара көбейтіп отыр.

Атақты адамдардың жүйкесіне ши жүгіртіп, «сенсация» жасамақ болған ақпараттық портал қандай да бір жазаға тартылатына көпшілік үмітті. Өйтпеген жағдайда арзанқол ақпарат таратушылар ештеңеден тайынбайтын түрі бар. Тосқауыл қажет…

А.Бейімбет