«Көмешбұлақ» базары маңындағы ретсіз саудамен күрес тағы жалғасты. Бұл жолы Абай ауданы әкімдігінің қызметкерлері рейдке тұтынушылардың құқығын қорғау, қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілдерімен бірге шықты.

Азық-түлік, тағам түрлерін жаяу жүргіншілер жолында сатуға үйренгендер әдетін қояр емес. Тексерушілер тарапынан осы жолы базар басшылығына ретсіз сауданы тоқтату бойынша соңғы ескерту берілді.

Әлмахан Мәкенов, «Көмешбұлақ» базары басшысының орынбасары

Әлмахан Мәкенов, «Көмешбұлақ» базары басшысының орынбасары: «Абай ауданы әкімдігі ескерту жасағаннан бері, қазір ешкім базардың сыртына шығып жаяу жүргіншілер жолында  сауда жасамайды. Өз тарапымыздан да ескерту жасадық. Ешкім сатып жатқан жоқ».

Феруза Әбдраимова, сатушы: «Бәлішті, самсаны қазір іште сатамыз. Жолдың бойына шықпаймыз. Бізге ескерту жасаған».

Ашынған тұрғындар «бәліш, нан, көкөніс сататындармен күреске құзырлы органдармен бірге жұмылмасақ, нәтиже шығар емес», дейді. Бұл ауданда, негізінен адам көп. Күнделікті осы сауда қатарларының жанынан өтетіндер арасында аудан әкімдігінің қызметкерлері де бар. Яғни, мәселеге барлығы қанық. Өкініштісі, олар ретсіз саудаға заңмен тиым сала алмайды, тек түсіндіру жұмыстарымен шектеледі.

Тұрсынай Жораева, тұрғын: «Неге өтірік айтасыздар, күнде осы жерден өтеміз. Майын шашыратып бәліш, самса пісіресіздер. Жүру мүмкін емес».

Тағы бір тұрғын: «Мен қызымды  мектепке осы жолмен апарамын. Үнемі  жаяу жүргіншілер жолында бәліш, тауық сатады. Қызым тіпті бір жолы күйіп қалған. Майды шашыратып тұрып бәліш пісіреді. Қашан тоқтайды? Барлық жерге суретті де  жіберіп, арызды да жазып жатырмыз».

Сала мамандары заң шеңберінде әрекет ету керектігін еске түсіріп әлек. Дәлірегі, әрбір факт бойынша тексеруге прокуратурадан рұқсат алу керек. Оның үстіне, талап арыздарда заңсыз әрекет жасаған жеке кәсіпкердің аты-жөні толық көрсетілуі тиіс. Шағымданушыларға осы тұсы түсіндірілді.

Тамара Кенжебекова, Шымкент қаласы Абай ауданы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы: «Тексеру жүргізуге бізге негіз керек. Заңсыз сауда жүргізген жеке кәсіпкердің аты-жөні көрсетілген арыз түсуі керек. Олардың барлығы базаға енгізіледі. Шешім шығарылған бойда біз сауда нүктесін тексере аламыз».

Ретсіз саудадан әбден шаршаған тұрғындар «заңсыз әрекеттерге жол берген базар басшыларын жауапқа тарту керек. Ірі көлемде айыппұл төлесе, тәртіпті бірден орнатар еді», дейді. Ал, әзірге түскен шағымдар бойынша тексерулер жалғасып жатыр. Бірақ, мұнымен көше бойындағы бейберекет сауда тоқтайын деп тұрған жоқ. Аз уақыттан соң-ақ, «баяғы жартас сол жартас» болатынын бәрі де жақсы біледі…

Шынар Оразова