Ұстаз барлық маман иегерлерін тәрбиелейді. Әлемдегі мамандық атаулының төресі де — мұғалім. Ұлағатты ұғымды қастерлеп, мұғалімдердің мәртебесін асқақтату мақсатында өңірімізде өткен жылы алғаш рет «Жақсылар, дастан айтайын…» жыр байқауы ұйымдастырылды. «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газеті ұжымының бас болуымен өткізілетін мектеп оқушыларының арасында батырлар жырын жатқа айту байқауы биыл да жалғасты. Бас жүлдені Отырар ауданының М. Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Олжас Бакира иемденді. Оның ұстазы Айнұр Әлішерге автокөлік сыйлады. Айнұр ұстаздың тағы бір шәкірті, Қазына Бакира II орын алды. Біз қос шәкірті жеңімпаз атанып, көлік мінген ұстазбен әңгімелесіп, қуанышына куә болдық.
«Байқауға баптап қатыстырған екі шәкіртімнің екеуі де жүлделі орыннан көрінді. Сол сәттегі қуанышымды айтып жеткізе алмаймын. Мектеп ұжымымен қоса бүкіл ауыл қуанды. Оқуда озат, жаны әдебиетке жақын, жыр дастандарын сүйіп оқитын шәкірттерімнің жеңісінің арқасында мінген су жаңа темір тұлпарымды көздерімен көрмейінше сенген жоқ. Ауылға барып, үйіме жақындаған сәтте қаумалап тұрған қалың жұртты көріп таң қалдым. Олар менің сыйлығымды көру үшін арнайы жиналыпты. Көлігімді көргеннен кейін, «шынымен машина алыпсың ғой, жарайсың» деп қуанышыма ортақтасып, тіпті арасында ұстаздың еңбегі ұлықталғанға қуанып көзіне жас алғандар да болды. Осы сәт мені ерекше бір тебіреніске бөледі».
Еңбегінің жанған сәтін осындай жан тебірентерлік сөздермен жеткізген Айнұр ұстаздың жанарындағы қуаныш біздің де еріксіз көңілімізді көтеріп, қуантты. «Ұстаздың арманы: шәкірті өзінен асқаны» деген Айнұр Әлішер өзіне осы жеңісті сыйлаған шәкірттері жайлы жақсы лебіз білдірді.
– Биыл байқауға қатысушылардың саны өткен жылмен салыстырғанда артқан. Бас-аяғы 33 оқушы қатысты. Бәрі де мектебінің бетке ұстар білімді балалары. Олжас пен Қазына да алдымен мектепаралық сайыстан жеңімпаз атанып, аудандық жарысқа қатысты. Содан облыстық байқауға жолдама алды. 115 беттік «Алпамыс жыры» дастанын жатқа айтқан шәкірттерімнің облыста көрсеткен нәтижесіне, міне, бәріңіз куәсіз. Олжас былтырғы аймақтық «Жақсылар, дастан айтайын…» байқауында бірінші орын алып, бас жүлдеге сәл жетпей қалдық. Өйткені «Көнерген сөздер» кезеңінде қарсыласқа есе жіберіп алған едік. Осы жолы өткен қателіктерді қайталамауға барымызды салдық,-дейді Айнұр ұстаз
Биыл 5-10 сынып оқушылары арасында өткен байқаудың бірінші кезеңінде үміткерлер жеребе бойынша жұптасып, аталған жырдың әділқазылар алқасы нұсқаған оқиғасын баяндайды. Кезі келгенде, екіншісі біріншісінің тоқтаған тұсынан жалғастыруы тиіс. Осылайша үш рет мүдірмей үзілген тұсынан жалғастырған үміткер келесі кезеңге өтеді. Екінші кезеңде үміткерлерге әдебиет теориясы бойынша сұрақтар қойылды. Үшінші кезеңінде «Алпамыс жырында» кездесетін көнерген сөздердің мағынасын ашады. Былтыр осы үшінші кезеңінен сүрінген Олжас бұл жолы өзінің мықтылығын дәлелдепті.
«Бірінші кезеңі түсінікті. Екінші кезеңнің мақсаты – бала тек жырды жатқа айтып қана қоймай, оны өн бойына сіңіре білгенін дәлелдейді. Сол үшін әдебиет теориясынан сұрақтарға жауап береді. Ал «Көнерген сөз» сайысына барымызды салдық. Жырда кездескен барлық көнерген сөздердің мән-мағынасын таптық. Мәселен, «сексен сегіз серулер» сөзіндегі «серу» сөзінің мағынасын ұзақ іздедік. Әдеби сөздіктен де кездестірмедік. Сонымен ауылдағы Қалқожа атамыздың көмегіне жүгіндік. Кітапты өте көп оқыған ақсақалдың алдына Олжас пен Қазынаны ертіп барып, сұрадым. «Серу» сөзінің мағынасы «Көсем, басшы» дегенді білдіреді екен. Міне, осындай көнекөз қарияларымыздың арқасында бұл сөздің де шешімін таптық. Енді қараңызшы, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Бекназарұлы мырзаның қолдауымен жүзеге асқан байқаудың басты мақсаты – өшкенімізді жандандыру және үзілген үмітімізді жалғау. Мақсат айқын. Баяғыдай таңнан таңға ұрып, жыр жаттайтын ұрпақ жоқ. Міне, бұл байқау сол кемшілікті түзетеді. Жастардың рухын көтереді. Жылдан жылға қатысушы саны өсуде. Демек жыр оқитын жастарымыз әлі бар. Тек оларды қызықтыра білу керек. Бұл смартфонға үңілген жасты кітаппен достасуға шақырды. Былтыр Олжас бастаған еді. Биыл қарындасы соған еліктеп, қандай керемет нәтиже шығарып отыр. Екеуі дәл осылай басқаларға да үлгі болып жатқаны анық»
Ұстазы Олжастың талантын 5-сыныптан байқапты. Шәкіртінің қойын дәптерінің сыртына жазылған «Өмірімді өлеңіме арнаймын» деген сөзін көзі шалып қалған мұғалімі болашағынан зор үміт күткен шәкіртін әдебиетке баулиды. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы». Олжас бұған дейінгі көптеген байқауда тек алдыңғы орыннан көрінді.
– Әдебиетке кішкентайымнан қызықтым. Бас-тауыш сыныптан қолыма қалам алып, өлең жаза бастадым. Осы дарынымды байқаған Айнұр ұстаз менің ашылуыма дұрыс жол сілтеді. Әрқашан қай кітапты оқуым керегін үнемі айтып жүрді. Осылайша, уақыт өте келе аудандық айтыстарға қатыса бастадым. Содан шыңдалдым. Былтыр «Қамбар жырын» жаттап қатысқаннан кейін биыл да «Оңтүстік Қазақстан» газетінің сайтын үнемі бақылап жүрдім. Мені биылғы байқаудың тақырыбы қызықтырды. Мәлім болған сәттен бастап, дайындыққа кірістім. Жаздың үш айында барлық ынта-шынтаммен беріліп, дастанды жаттадым. Көп еңбектендім. Қатысушылар осал болмады. Барлығымыз деңгейлес едік. Ұстазымның ең бірінші қоятын талабы — жырды тек қана жаттап қоймай, түсініп оқу. Соны ерекше назарда ұстадым. Ел алдында абдырап қалмауымды жиі айтатын. Сондай-ақ қорқынышты жеңе білумен қатар, ойды шашырытып алмай, нақты сөйлеуді үйретті. Алтын ұстазымыз Айнұр апайға алғысымыз шексіз. Бізге осындай жігер сыйлаған ұйымдастырушыларға да ерекше рақметімді айтамын,- дейді жеңімпаз Олжас.
Ағасының жолымен жүруді таңдаған Қазына да қуанышты. Математика, физика сынды нақты пәндерді сүйіп оқитын оның байқауға қатысуына ағасының өткен жылғы жетістігі серпін берген.
– Мен әдебиет теориясынан сүріндім. Биылғы қателіктерімді түзетіп, келесі жылы тағы да қатысамын. Өйткені, байқау өте әділ өтті. Орын алғандар да, алмағандар да осыған разы едік. Жаз бойына жыр жаттап қана қоймай, өткенімізден хабардар болдық. Батырлар жырының құдіретін сезіндік. Құрбы-құрдастарымды осындай байқауға қатысуға шақырамын,- дейді Қазына.
Міне, еңбегі лайық бағаланбай, еленбей қала беретін мұғалімдер қауымының мәртебесін аспандатқан байқау көптің көңілінен шыққаны анық. Барлығы осы үшін де ұйымдастырушыларға алғыс айтады.
Жанерке ХУМАР
№41, 10 ҚАЗАН 2018 ж.