Алдағы жылы мұғалімдердің еңбекақысын арттыру үшін 2019 жылы 129 миллиард теңге бөлінеді. Бұл туралы «NurOtanTrends» пікірталас клубының отырысында «Елбасы Жолдауы: қоғамды ортақ мақсаттарға қалай жұмылдырамыз?» тақырыбын талқылау кезінде Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Еңбекақы тақырыбына тоқталсақ, Мемлекет басшысы Жолдауында Үкімет пен министрліктің алдында еңбекақыны өсіру мақсаты қойылды. Біз бұл ретте биыл 50 млрд теңге бөлдік. Жаңартылған мазмұнмен әрі бағдарламамен білім беретін педагогтар еңбекақыдан 30 пайыз көлемінде үстемеақы алды. Екіншіден, аттестацияның жаңа жүйесінен өткендер, яғни өз ісінің маманы екенін дәлелдегендер еңбекақыдан 30- дан 50 пайызға дейін қосымша алу мүмкіндігіне ие болды. Осы бағытқа 50 млрд теңге бөлінді», — деді вице-министр.
А. Аймағамбетовтың сөзінше, 2019 жылдың бюджетінде осы мақсатқа 129 млрд теңге қарастырылған. Ал 2020 жылдың бюджетінде 150 млрд теңгеге жуық қаржы ескерілген. Бұдан бөлек ол педагогтарды қызметіне тән емес жұмыстарға тарту проблемасы төңірегінде сөз қозғады.
«Егер де педагогтарды қызметіне тән емес жұмыстарға тарту мәселесіне тоқталсақ, шын мәнінде бұл жағдай проблема болып тұр және оны жасыру дұрыс емес», — деді Асхат Аймағамбетов.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.