Мақта шығымы жақсы, шығыны көбеймесе болғаны…

773

Жетісай ауданында мақта терімі қызу қарқын алды. Шаруалар үшін ақ алтынның алымы да жаман емес. Баға да әзірге көңіл толарлықтай. Әр келісі үшін 183 теңгеден бекітілген. Дегенмен, бұл диқандардың ауыртпалығы алынды деген сөз емес. Гектарынан 25 центнерден өнім алып жатқан шаруаларға дәл қазір ауа-райы қолайсыздық танытып отыр. Оған Ливерпульдегі биржаның құбылмалылығы мен трейдерлік компаниялардың кірігуін қосыңыз.

Биыл Жетісай ауданында 48 226 гектар ақ алтын егілген болатын. Қазір күнделікті орта есеппен 95 гектарға жуық мақта теріліп жатыр. Шаруалар 25 центнерден өнім жинауда. Биылғы жалпы меже 120 мың тонна ақ алтын алу жоспарланып отыр.

Қазір Жетісай ауданында 6 мақта зауыты мен 94 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеп тұр. Олар шауалардан ақ алтын қабылдауда. Әзірге өткізген өнім үшін тек алғашқы үлес сомасын беріп жатыр екен. Қалғанын келісімшарт негізінде толықтай қайтару көзделген. Бірақ бұл үшін тек құжаттары түгелдей құнтталуы керек дейді мамандар.

Ақ алтын жиынындағы тағы бір өзекті мәселе ол терімнің жағдайы. Қазір ауданда 200-ге жуық комбайн іске кіріскен. Оның өзі жеткіліксіз. Әрі техниканың бір парасы ескі. Оның үстіне құбылмалы ауа-райының кесірінен комбайндар алқапқа түсе алмай жатыр. Оған себеп, жаңбырдан кейін егістіктің лайланып кетуі. Жиын кезіндегі қосымша көмекші болатын терімшілердің де мәселесі мәз емес. Қол күші аз. Ал теру бағасы әр келісі үшін 35 теңге.

Шаруаларды шаршатқан дәрі-дәрмектің де түйткілі болды. Биыл көптеген диқандар зиянкестермен күресуде қауқарсыз қалды. Өйткені республикалық бюджеттен де, облыстық қазынадан да бұл мақсатқа қаржы бөлінбеді. Бұны мамандар да мойындап отыр.

Қалай дегенмен де, биылғы жиын-терімнің нәтижесі дихандардың өз несібесіне байланысты болып отыр. Өйткені үкіметтен субсидияның кейбір түрлері қысқартылып, жүк шаруаның тек өзіне артылды дейді мамандар. Алда ауа-райы тұрақты болса, жер емген жұрттың жұтап қалмасы анық. Өйткені биылғы мақтаның шығымы жаман емес. Тек шығыны көбеймесе болғаны дейді жетісайлық қалың қауым.

Мақсат Жақсыбайұлы