Медицина академиясының студенттері кез-келген емдеу мекемесінен іс-тәжірибеден өте алады

1543

Шымкенттегі медицина академиясының студенттері енді алысқа сабылмай-ақ қаладағы емдеу мекемелерінде тәжірибелерін шыңдайтын болады. Мұндай мүмкіндік қалалық денсаулық сақтау басқармасы мен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы арасында түзілген меморандумға сай туындап отыр. Енді білім ордасындағы студенттер қаладағы кез-келген медицина мекемелерінде тәжірибеден өтіп, барлық емдеу ісіне қатысады.

Екі жақты келісім бойынша академияның 8-9 курс студенттері денсаулық сақтау басқармасына қарасты ауруханалардан тәжірибеден өтеді. Оқу ордасындағы акушер-гинеколог, педиатр, неврапатолог мамандығы бойынша білім алатын жоғары курс студенттері қаладағы емдеу мекемелеріне емін — еркін жолдама алып, тәжірибесін шыңдайды. Қазірдің өзінде академияда 3,5 мың студент білім алады. Оқу ордасы басшысының мәліметінше, жақын арада академияда білім алу үшін шет елден тағы да студенттер келмек.

Мырзабек Рысбеков, Оңтүстік Қазақстан Медициналық академиясының ректоры:
«Алдағы күндері білім орадасына тағы да Үндістан мемлекетінен жеті жүзге жуық студент келмек».

Айта кетейік, академия студенттері тәжірибеден өтіп қана қоймай, болашақта қаладағы емдеу мекемелерінде жұмыс істеуге мүмкіндік алмақ. Осы тарапта қалалық денсаулық сақтау басқармасы жас түлектерге қолдау білдіретіндігін жеткізді.

Білім ордасы мен денсаулық сақтау басқармасының келісімі негізінде біліктілігі жоғары мамандар даярлауға басымдық беріледі. Бұл үшін қаладағы емдеу мекемесінде тәжірибеден өтетін интернді үздік дәрігерлер даярлап шығарады.

Лаура Нақыпқызы