Мемлекет мектепті толығымен қамтамасыз етуге қауқарcыз

348

Мемлекет мектепті толығымен қамтамасыз етуге қауқарcыз. Сондықтан оқушыны дамытуға қолайлы жағдай жасау үшін ата-ана да қол үшін беруі қажет. Бұл шаралар енді «Қамқоршылық кеңесі» арқылы жүзеге асатын болады.

Астана мен Алматы қалаларында жүйеге қойылған бұл тәртіп енді Шымкентте де енгізілмек. Кеңестің кәдімгі ата-аналар комитетінен айырмашылығы неде? Бұл мектептердегі ақша жинау мәселесін тым ушықтырып жібермей ме?

Бұл Шымкенттегі №80 мектептің сынып бөлмесі. Осыдан бірер жыл бұрын интерактивті тақтаны ата-аналар сыйға тартыпты. Жаңа оқу бағдарламасын меңгеруде таптырмайтын құралдың құны 300 мың теңге тұрады.

Жалпы, қазір мектептердегі көп мүлікті сатып алуға ата-аналар қолғабыс жасайды. Тіпті кей білім ошақтарында гүлді де оқушылар үйлерінен әкеледі. Енді бұл шаруалардың барлығын қамқоршылық кеңесі атқаратын болады.

Мектеп қызметкерінің айтып отырғаны ашық бухгалтерия. Қазір мектептің қажеттілігі үшін демеушілерден түсетін қаржының жұмсалуында жариялылық жоқ. Ал бұл жүйе ата-аналардан түсетін қаражаттың мақсатты жаратылатынын реттеп, ашықтықты қамтамасыз етеді деп сендірді жауаптылар.

Күні кеше Шымкентте өткен ведомство өкілдері бастаған білім саласының мамандары қамқоршылық кеңестер құрудың жолдарын талқылау үшін бас қосты. Салаға жауаптылар 9 адамнан құрылған бұл кеңес мектеп өміріндегі барлық іс-шараларды бақылайды дейді. Тіпті, мектеп директорын да сайлайды. Мекеме басшысы әр жарты жылдықта қамқоршылық кеңеске есеп береді. Ал мүшелері директордың жұмысына қанағаттанбаған жағдайда оның жұмысын тоқтатуға құқылы екен.

Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы білім беруді бақылау департаментінің басшысы: «Мектеп директоры есеп береді. Ата-ана берген қаражатының қайда кетіп жатқанын біліп отырады. Қазір мұны қалай жолға қоюға болатынын ойластырып жатырмыз…».

Қамқоршылық кеңеске көпшілік қаншалықты сенім артады? Бұл жағдай мәселені тым ушықтырып жібермесіне кім кепіл? Жалпы мектепке ақша жинауға келгенде көпшіліктің өз айтары бар.

Қала тұрғындарының бірі «Не болса соған ақша жинай берсе бермейміз. Әрине баланың оқуына жинаса, қарсы емеспіз. Қамқоршылық кеңесі құрылса, оның жұмысын қадағалауға ешқандай ата-анада уақыт жоқ» дейді.

Ал енді бір қала тұрғыны: «Кеңес кезінде қамқоршылық кеңестер болған. Мұндай ұйымдар керек деп ойлаймын. Себебі, мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен оқушыларға заттар алынады».

Қамқоршылық кеңестің жұмыстары Шымкенттің барлық 140 мектебінде ашылған. Бұл жүйе арқылы демеуші тартып, одан түскен қаражат оқушылардың қажеттілігіне жұмсалмақ. Демеуші тарапынан аударылған қаражат көлемі және оның қайда, қалай жұмсалғанын әрбір ата-ана білуге құқылы.

Мақпал Рысбаева