Мемлекеттік сатып алу саласындағы заң бұзушылықтарға тосқауыл қойыла ма?

476
мемлекеттік сатып алу төңірегіндегі бұзушылық талқыға түсті

Мемлекеттік сатып алу төңірегінде сыбайлас жемқорлықтың дендеп кеткені ешкімге жасырын емес. Мемлекеттік сатып алу заңнамасының талаптарын орындамау, өнім берушілердің өтінімдерін негізсіз қайтару, атқарылмаған жұмыстарға алдын-ала қаржы аудару, шешімді қабылдауда мердігерлерге көмектесу сияқты әрекеттер әлі де басым. Осындай деректердің бірқатары жиында мысалдармен келтірілді.

Еркебұлан МАРАИМОВ, Шымкент қаласының бас аудиторы

Еркебұлан Мараимов, Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің  басшысы: «Кеше ғана құжаттарды қарап отырсақ, құрылысқа қатыстысын айтайын, бір нысанның бастапқы бағасы 900 млн. теңге деп көрсетілген. Ал қатысушы 420 млн. теңгеге салмақшы. Мемлекеттік сараптамадан өткен. Қалай өткен? Ол сомаға нысанды қалай салады? Оның сапасы қандай болады?..  Қазіргі таңда барлығы мемлекеттік сатып алу порталында тұр. Ашық, жариялы. Бізге сұрақтарыңыз болса,  біз жауап беруге дайынбыз».

Бюджеттен бөлінген қаржыны тиімсіз пайдаланатын мердігер компаниялар да кездеседі. Қаржының мақсатты игерілуін қадағалауға тапсырыс беруші жауапты. Бұл талап көп басқосуларда айтылады. Бұл жолы да сөз болды.

«Мемлекеттік сатып алу барысында жиі жол берілетін заң бұзушылықтар және олардың алдын алу жолдары». Бұл тақырыпты департамент басшылығы тектен-тек таңдамаған. «Себебі заң бұзушылықтардың түрлеріне тоқталып, заңнамалық тұрғыда кеңес беру нәтижесін береді» деп сенеді. Өйткені, заңды жетік білген адам қай кезде де құқықтарын қорғауға тырысады.

 

Әли Көмекбаев

Әли Көмекбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы: «Біздің мақсатымыз  — қолданыстағы заңды  орындауда әдістемелік құрал жасау. Әйтпесе, конкурс өтеді. Кәсіпкер қатысады. Аудит өз пікірін білдіреді. Мемлекеттік сатып алу конкурсы жарамсыз деп табылады. Екінші, үшінші рет  осылайша өтіп, екі — үш ай қалғанда қаржыны игеру қажет. Қандай сапа туралы айтуға болады? Сондықтан біз  облыс әкіміне ұсыныспен шықтық. Әдістемелк құрал қажет. Сонда қателіктер жасалмайды».

Кәсіпті заң шеңберінде жүргізуге үйреніп жүрген Шыңғыс  Сәрсенбаев  жиынға қатысқанына өкінбейді. Айтуынша сала мамандары көптеп қатысқан басқосудың жас кәсіпкерлерге берері мол.

Шыңғыс Сәрсенбаев, кәсіпкер: «Бізде мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысамыз. Бүгін жиында жиі жіберетін кемшіліктерімізді білдік. Енді оларды қайталамауға тырысамыз. Конкурсты ұйымдастырушылар да қателік жіберетінін айтқым келеді. «Спецификацияны» көрсетпейді ғой».

Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер үшін түрлі тақырыптардағы оқу семинарларын тұрақты түрде өткізеді. Енді мемлекеттік сатып алу заңы бойынша өзге де шараларды ұйымдастырмақ.

Шынар Оразова