Оқ жарақатын алған әкім орынбасарының жағдайы бірқалыпты

370

Түркістан облысында оқ жарақатын алған Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Рабиға Бейсебаеваның жағдайы тұрақты. Бұл туралы Леңгір қалалық ауруханасының бас дәрігері Жандар Нышанов мәлім етті.

Бас дәрігердің сөзінше, қазір Рабиға Бейсебаева дәрігерлердің бақылауына алынған. Айта кетейік, күні кеше Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Рабиға Бейсебаеваға белгісіз біреулер шабуыл жасап, өлтірмек болған еді.

Түскі үзіліс кезінде қызметтік көлігімен үйіне келген шенеунікке үш азамат оқ атқан. Алайда Рабиға Бейсебаева көршілерінің арқасында аман қалды. Ол тез арада ауруханаға жеткізіліп, сонда жатқызылған болатын.

Өңірдің тәртіп сақшылары болса осы қылмысқа қатысы бар деген екі күдіктіні ұстап, қамауға алды. Осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіруге оқталу» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Өзге де оқиғаға қатысы болуы мүмкін адамдар іздестіріліп жатыр.

Ернар Балабеков