Ақ алтын өнімдері Чехия, Белоруссия мен Молдова елдеріне жөнелтіліп жатыр. Кәсіпкерлер қазір өзге де мемлекеттерден тапсырыстар түсіп жатқанын айтады. Өңір тілшілері ауданға жасаған іс сапарында мақта терім науқанының барысымен танысып қайтты.
Қазір мақта терім науқаны қызған шақ. Ордабасылық дихандар да күн-түн демей ақ алтынды төкпей-шашпай шығынсыз шинап алудың қамына кіріскен. Жергілікті дихандардың еккен өнімдеріне шетелдіктер қызығушылық танытуда. Осыдан екі жыл бұрын ашылған бұл мақта өңдеу зауытынан шыққан мақта талшықтары шетелдерге жөнелтіледі.
Батырбек Мырзахан, мақта зауыты директорының орынбасары: «Біз чехтармен келісім шартқа отырғанбыз. Молдавадан кәсіпкерлерп келіп жатыр. Біз келісімшартқа қарай жұмыс істейміз».
Биыл Ордабасы ауданында мақта алқабы былтырғыға қарағанда ұлғайған. 7 мың гектардан аса алқапқа ақ алтын дәнін сепкен дихандар қазірдің өзінде 17 мың тонна өнім жинапты. Мақта терім науқанына 83 комбайн жұмылдырылған. Десе де мақта түсімі былтырғыдай емес. Өткен жылы әр гектардан орташа есеппен 26 центнерден өнім жинаған ордабасылық дихандар биыл әр гектардан 23 центнер мақта алып отыр. Дегенмен, мақта бағасы көңілден шығады деп сендіреді жергілікті шенеуніктер.
Нұрлан Әбілқасымов, Ордабасы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары: «Былтыр мақта бағасы 120-130 теңгеден болған қазір 180 теңгеге көтерілді. Кей мақта қабылдау бекеттері 182 теңгеден де қабылдап жатыр».
Айта кетейік, қазір ауданда 4 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеп жатыр. Дихандар бұйыртса, екінші терімге кіріседі. Былтырғы жылы 18 мың тоннадан астам ақ алтын жинаған ордабасылық дихандар биыл өнім көлемін тағы да арттырамыз деп құлшынып отыр.
Мақпал Рысбаева