Отырар ауданында жаңа мешіт ашылды

1404

Отырар ауданында жиырма жетінші мешіт бой көтерді. Сәні мен салтанаты келіскен «Есен ана» мешітінің қазығы 2017 жылы қағылған. Зәулім де еңселі ғимаратты Үсеновтер әулеті «Туған жерді түлету перзенттік парыз» бағдарламасы аясында арнайы тарту етті.

Имандылық ұясы қасиетті жұма күні ел игілігіне берілді. Сондықтан болар киелі мекенде қазығы қағылған мешіттің ашылу салтанатына отырарлықтар көп жиналды. Жиналған жамағат Алла үйінің есігі ашылар алдын әруақтарға құран бағыштады.

1000 адамдық мәдениет орталығының ашылу салтанатына Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы арнайы келіпті. Ел алдына шығып сөйлеген бас мүфти мешіттің салынуына мұрындық болған азаматтарға алғыс айтты. Киелі кітап Құран кәрімді табыстады.

Үсеновтер отбасы өздерін өмірге әкеліп, әдептілік пен ізгі қасиеттерге баулып өсірген аяулы аналары Есен Қайқыбайқызының есімін мешітке берген. Жас ұрпақтың саналы, иманды болып өсуіне үлес қосқан ағайындылар туған жерге деген парызды осылайша ақтағысы келгендерін айтады.

Өскенбай Үсенов, кәсіпкер: «Әрбір азамат туған ел алдында, жер алдында өзін қарыздар санайтыны анық. Біз де осы парызымызды осылайша атқарғанды жөн көрдік. Халық өз игілігіне пайдаланса, жас ұрпақ осы жерден тәлім-тәрбие алып, имандылыққа бет бұрса, мақсатымыздың орындалғаны. Енді осы мешітке анамыздың есімін бердік. Өйткені ана деген әрбір перзент үшін ең аяулы адам екені анық. Анамыз бізді асырап бағып осы дәрежеге жеткізді. Сондықтан да не істесек те ана алдындағы парызымызды өтей алмаймыз. Ең болмағанда осылайша құрмет көрсетсек деп отырмыз. Анамызға деген махаббатымызды осылайша білдіргіміз келді».

Отырарлықтар осындай абзал азаматтардың адамгершілікке толы қасиетіне тәнті болды. Айта кетейік, 1000 адамдық мешіт барлық қажет затымен қамтылған. Еңселі ғимараттың бой көтеруіне 200 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалыпты.

Жанерке Хумар