Биыл Сайрам ауданына – 90 жыл. Аудан жұртшылығы торқалы тойды арқа-жарқа атап өтті. Аясында қазақтың үш биі дүйім елді басқарған өңірдің өткені мен бүгінін баяндайтын, деректерімен дәйектейтін ғылыми кеңес те қолға алынды. Ғасырлардың сыры мен үнін, шежіресін бойына бұққан баптар еліндегі тойға біз де барып, жергілікті тұрғындардың қуанышымен бөлісіп қайттық.
Қайрат Анарбаев, тарих ғылымдарының кандидаты: «Қазір менің өзім қарастырғаным, мынау діни деректердегі Сайрамға қатысты мәліметтердің жиі кездесуі. Жалпы елімізде, ондағы Оңтүстіктегі ислам дінінің сақталып, қанат жаюы осы ауданның танымының жақсы қалыптасуында дер едім. Сондай-ақ, «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса, неге қалған? » деген жырда Нұх пайғамбарымыздың кемесі Қазығұртқа келгеннен кейінгі жер бетінде пайда болған алғашқы мекендердің бірі осы Сайрам қаласы екендігі айтылған жәйттер қазір көненің көзіндей боп қазір естен шыға бастаған. Міне сондай деректерді қайта жаңғыртып отырмыз».
Торқалы той дендросаябақта жалғасын тапты. Келген қонақтар «Құрметті азаматтар» аллеясымен, «Мәңгілік ел» монументімен танысып, арнайы ұйымдастырылған көрме – жәрмеңкені тамашалады. Ал жергілікті тұрғындар қуаныштан жүздері бал-бұл жайнап, мәз-мейрам.
Алаңда өнерпаздар қасиетті өлке жайында сахналық қойылымдар қойып, патриоттық әндер орындады. Мерекенің мерейін асырды. Ал аудан басшылығы баптар елінің бүгінгі бағындырған белестері мен жетістіктері жетерлік деп марқайды. Және тарихи өлкенің алдағы архитиектуралық өзгерістерін қуана мәлімдеді.
Айта өтейік, бүгінде 90 жылдық тарихы бар Сайрам ауданында 11 ауылдық округ, онда 42 елді мекен бар. Және шежірелі мекенде 206 мыңнан астам тұрғындар тату-тәтті өмір сүреді.
Мөлдір Бекеева