Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары үй аралап жүр

Мамандар салықты жылдап төлемейтіндердің үйіне кезекті рет баруға мәжбүр. Алайда үй иелері есікті ашуға асықпайды. Мына зәулім үйдің мүлік салығына 193 мың теңгеден астам қарызы бар.

Белгілі болғаны жылжымайтын мүлік банкке кепілдікке қойылғанына он жылдан асыпты. Жаңа үйдің егесі құжаттарды рәсімдеп үлгермепті. Баспанаға құқығын растайтын қағаздарды алған бойда қарыздың барлығын төлейтінін айтып уәде етті.

Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында 58 мың жылжымайтын мүлік нысаны тіркелген. Және 60 мың жер учаскесінің иелері жер салығын төлейді. Олардың қатары қалаға Сайрам ауданынан өткен бірқатар елді — мекендер есебінен толықты. Бұл дегеніміз міндетті төлемдерді уақытылы өтейтіндер және салықты төлеуден жалтаратындар бар.

Сәбит Темріәлиев, Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары

Сәбит Темірәлиев, Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары: «Салық төлемеген 4 мың адамға бұйрық шығып, сот орындаушылары олардан салықтарын өтеуін талап етеді. Жаңа Салық Кодексі бойынша салықты өрескел төлемеген азаматтарға шараны көру  мемлекеттік кірістер басқармасының құзырына  берілді. 1 — қазаннан кейін мүлік және жер салығын төлеу мерзімі аяқталған соң, жүргізілген жұмыс барысында 13 мың азаматтың қарызы анықталған. Оның көлемі 33 млн. 200 мың теңге».

Гафуржан Әлімходжаев, Еңбекші ауданына қарасты Бадам ауылының тұрғыны: «Былтыр салықты Сайрам ауданындағы басқармаға төлесек, биыл Еңбекші ауданы бойынша басқармадан  жер мен мүлік салығының төлейтін сомасын біліп, қазір төлегелі тұрмын. Қарыз болғанды қаламаймын. Сондықтан уақытысында есеп айырысқан дұрыс деп ойлаймын».

Мүлік және жер салығын төлеу мерзімі 1 — қазанда аяқталды. Сондықтан болар, басқармаларда кезек жоқ. Есесіне, қызметкерлердің жұмысы екі еселенген. Енді қарыз азаматтардың тізімі жасалып, коммуналдық төлемдер түбіртегімен үйлеріне жіберу көзделіп отыр. Еске салайық, дер кезінде салығын төлемегендерге өсімпұл жүреді.

Әлес Әбдіманап, Еңбекші ауданының тұрғыны

Әлес Әбдіманап, Еңбекші ауданының тұрғыны: «1- қазанда салықты төлеу мерзімі аяқталғанын білемін. Ол кезде адам көп еді. Қазір барсам, ешкім жоқ. Төлейтін соманы жаздырып алдым. «Қазпоштаға» төледім. Қарызым жоқ. Тыныш ұйықтайтын болдық».

Енді сандарды сөйлетсек, Еңбекші ауданының салық төлеушілері 1 — қазанға дейін бюджетке 91 млн. теңге түсірген. Бұл мүлік салығы. Ал жер салығы бойынша 33 млн. теңгеден астам кіріс келген. Бұл соңғы сома емес, өйткені әлі де салық қарызын төлемегендер көп.

Шынар Оразова