Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Сарыағаш, Келес аудандарына барып қайтты. Жұмыс сапары барысында биыл салынған әлеуметтік нысандар және шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты. Алдымен «Жібек жолы» кеден бекетінің жұмысымен танысқан өңір басшысы одан кейін Жібек жолы ауылдық округіндегі «Бес Жұлдыз» балабақшасына келді.
Жібек жолы ауылының бүлдіршіндері талапқа сай үш тілді меңгере алады. Аймақта ашылған баламасы жоқ балабақша осындай мүмкіндікке жеткізіп отыр. Тіл сындырған бүлдіршіндердің алғашқы өнерін облыс әкімі тамашалады.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бой көтерген балабақша заманауи жабдықтармен жабдықталған. Балалардың жан-жақты жетілуіне барлық жағдай жасалған. Жеке кәсіпкердің иелігіндегі балабақшаға 1,1 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Қазір 450 бала тәрбиеленіп жатыр. 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Облыс әкімі балаларға базарлық ұсынып, балабақша ұжымының қадамын оң бағалады.
Бұдан кейін облыс әкімі Сарығаш ауданы, Дарбаза ауылдық округінде орналасқан «Ай-Мейірім» балабақшасының ашылу салтанатына да қатысты. Мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында салынған балабақшада 75 бала тәрибеленеді. Нысанды салуға 178 млн. теңге инвестиция тартылған. Қазір бұл мекемеде 28 адам тұрақты жұмыс істеп жүр. Балабақшаны ашып берген Ж.Қансейітұлы мемлекет тарапынан білім саласына айырықша қамқорлық көрсетіліп жатқанына тоқталып, тұрғындарды қуанышты оқиғамен құттықтады.
Бүгінде Сарыағаш ауданында 203 балабақша жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта да мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің саны артады деген болжам бар. Халық тығыз орналасқан Сарыағашта спорт саласын дамыту маңызды. Осыны ескерген жергілікті билік Қапланбек ауыл округінде «Қапланбек» спорт кешенін ашқан. Мұнда 90 бала каратэ, таэквондо, ауыр атлетика және шағын футболмен шұғылданады.
Шынар Оразова