Шардара су қоймасының жағалауында алғаш рет «SAFARI SHARDARA» фестивалі өтті. Күнгейде бұрын-соңды болмаған бұл шарада түрлі спорттық-мәдени жарыстар ұйымдастырылды.
Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында өткен фестиваль өңірдің туризмін дамытуға сеп болады деп сендірді ұйымдастырушылар. Мотокросс өнерін паш еткен мотобайкерлердің шеберлігі шараға тайлы-тұяғымен келген көпшілікті таңдай қақтырды.
Маң-маң басқан түйелер жарысында да 15 түйешінің жағалаудың сол жағынан шығып сахна алаңына шеңбер жасауы да әсерлі шықты. Су қоймасында желкенді қайықтар жарысып, шоу жасаса, жол талғамайтын көліктер өзара сынға түсіп, келген жұрттың делебесін қоздырды.
Мұның барлығы да «SAFARI SHARDARA» фестивалі аясында өткен спорттық жарыстар. Сырт қарағанда бұл соңғы кездері тым тойшыл болып кеткен түркістандықтардың күн сайын болмаса да жиі өткізіп тұратын думанды кешіне де ұқсауы мүмкін.
Дегенмен, Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында өткен жөні бөлек шараның жүгі ауыр. Фестиваль өз жеріміздің тау-тасы мен сай-саласын, өзен-көлі мен ойпаң-шоқысын, бір сөзбен түйгенде, тұмса табиғатымызды, туризмімізді дамыту үшін ұйымдастырылыпты.
Күнгей туризмін насихаттауда ұлттық құндылықтың ұлықталуы да заңды дүние. Қазақты әлемге паш еткен бүркітші қыз — Айшолпан Нұрғайыпқызы бастаған құсбегілер сайысы фестивальдің ажарын аша түсті.
Құсбегі Айшолпанға Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев сый жасады. 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады.
Сондай-ақ, Шардара ауданының спорт бөлімінің басшысы мен армрестлингтен үздік танылған спортшыға қызметтік көліктің кілтін табыстады.
Шағалалы Шардараның туризмін дәріптеуде өнерпаздар да аянып қалған жоқ. Ашық аспан астында әуезді әннен шашу шашып, халықтың көңілін бір серпілтіп тастады. Туған жерге тағзым жасай келген жергілікті әншілердің әсем әндері «құлақтан кіріп бойды алды».
«Шыны керек, қазақ даласының жауһар жерлерін жарнамалау жағы әлі де әлсіз. Тұралап тұрған төл туризмнің бойына қан жүгірту үшін саланы дамытуға сұранып тұрған осындай орындарды жалпақ жұртқа таныстыра білу қажет», дейді ұйымдастырушылар.
Ендеше, түстік сахараның саф суы мен қызыл құмын төрт тарапқа таныстыру үшін ұйымдастырылған Шардара шарасының қаншалықты өз мақсатына жеткеніне уақыт төреші…
Мақпал Рысбаева