Шымкентте болашақ сарбаздарды даярлайтын кадет сыныптары және әскери-патриоттық клубтар ашылады. Оған Қазақстан Республикасының Қарулы күштері қолдау көрсетуге дайын. Бұл туралы Шымкент қалалық әкімдігінің ғимаратында өткен жиында айтылды.
Елбасы тарапынан айтылған жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді жандандыруға қолдау білдірген тұңғыш қала – Шымкент шаһары.
Сол себепті Қорғаныс министрлігі, «Жас сарбаз» Республикалық әскери-патриоттық қоғамдық қозғалысы Шымкент қаласы әкімдігімен меморандумға қол қойды. Көздегендері – өз елін сүйіп, Отанын қорғайтын өскелең ұрпақты дайындауға бірлесе атсалысу.
Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қорғаныс министрі: «Бұл меморандум, менің ойымша Шымкент қаласында жастарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеуге, тәрбиені тереңдете түсуге, жастарды әскери қызметпен таныстыруға, осындай жобаларды әрі қарай дамытып, жылжытуға жақсы мүмкіндік және жағдай жасайды».
Маңызды құжат аясында тараптар әскери қызметтің беделін арттыруға және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің имиджін ілгерілетуге бағытталған бірлескен іс-шараларды өткізуге, кадет сыныптарын және әскери-патриоттық клубтарды ашуға мүдделі. Ал Қорғаныс министрлігі өз тарапынан кез — келген көмек беруге дайын екендігін жеткізді. Дәлірегі, ашылатын кадет сыныптарын керек жарағымен қамтып, жастарға кәсіби дәріс беретін мамандарды жіберуге дайынбыз дейді.
Салтанат Әли, лейтенант, ҚР Қарулы күштерінің ұлтық әскери-патриоттық орталығының әскери-патриоттық жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің басшысы: «Жолдауда Елбасымыз «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер ұйымын құру, әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жандандыру және әрбір мектептерде осы жұмыстарды қолға алуды тапсырған болатын. Міне, Шымкент қаласы әкімдігі кадет «Жас сарбаз» арнайы мамандандырылған сыныптарын ашу жұмыстарын қолға алып отыр. Бұл, әрине, Елбасының тапсырмасының орындалып жатқанының бір дәлелі. Сондықтан Қорғаныс министрлігі, яғни Нұрлан Байзақұлы бастап келген топ алдағы уақытта ашылатын сыныптарды материалдық жабдықтауда, іс-шаралар өткізуде, клубтардың жұмыстарын жүйелі тұрда назарда ұстауда қолдау көрсететміз».
Меморандум бес жыл мерзімге жасалды. Осы уақыт аралығында тараптар тығыз жұмыс жасап, жастарды Отансүйгіштікке тәрбилеуде тер төгуге уәде етті. Ендігісі уақыт еншісінде.
Әлия Әділбек