Қазан айының 17-i – Халықаралық кедейлікті түбірімен жою күні. Әлемде 1,3 миллиардтан астам адам кедейліктің ең төменгі шегінде. Соңғы 30 жыл ішінде бай мен кедейдің үлесі артып, алшақтығы сезіле бастады. Елімізде әлеуметтік осал топтар көп. Олардың қатары да жылдан жылға артып келеді. Оларға жасалған қамқорлық қандай?
Жасыратыны жоқ, біздегі жоқ-жітіктер Үкіметтен емес, қарапайым халықтан көмек сұрайды. Сондықтан болар, қоғамда түрлі ұйымдар құрылып, гуманитарлық көмек көрсетіледі. Осы санаттағы азаматтардың бірі- Феруза Анартаева. Жалғызбасты ана 6 баласымен пәтер жалдап тұрады. Мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы пәтердің ақысын төлеуге әзер жетеді. Есесіне, азық түлік, киім -кешекке қаржысы жоқ. Жеткізе алмай қиналған соң, осындай ұйымдардың есігін қағады.
Феруза Анартаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Үнемі осы жерге келемін. Былтыр азық — түлік алып келіп берген үйге. Киім беріп қалады ма деп келдім. Төрт балам оқушы, екеуі кішкентай әлі. Оқушы балаларымның біреуіне мектепте киімге деп 15 мың теңге берді. Қалғандарын қайтемін? Оларға да жылы киім алып беруім керек қой».
Әлеуметтік жағдайы төмендер «Қызыл Ай» қоғамының шапағатын көріп жүр. Қолдауды қажет ететін азаматтар келісімен анкеталық деректері базаға енгізіледі. Санат бойынша іріктеліп, тұрмыстық жадайына, денсаулығына байланысты қажетті көмекті алады.
Малика Жүсіпова, ҚР «Қызыл Ай» қоғамының облыстық филиалының директоры: «Гуманитарлық ұйым болғандықтан бізге жүгінген азаматтардың барлығына көмектесуге тырысамыз. Бізден көмек сұраған 7 мың 220 адамның 2 мыңға жуығына демеушілерден, мекеме, ұйымдар, жеке азаматтардан түскен қаржылай, заттай көмекті кезегімен үлестіреміз. Біз жомарт азаматтар мен мұқтаж отбасылары арасында байланыс көпіріміз. Қала әкімдігімен оған қарасты бөлімдермен тығыз қарым — қатынаста жұмыс жасаймыз. Келген әрбір азамат назардан тыс қалмайды. Мүмкіндігінше көмектесуге тырысамыз».
Үкіметтік емес ұйымдардан бөлек, аз қамтылған отбасыларына мешіттегілер көмектеседі. Әсіресе бұл көмек қасиетті Рамазан айында, жұма күндері көптеп көрсетіледі. Қолдауға зәру азаматтарға жерлестері де қол ұшын созуға әзір.
Мейрамбек Әлібаев, Қайтпас шағынауданының тұрғыны: «Мал сойғанда, жарты бөлігін мұқтаж көршілеріме таратамын. Көмектесу керек, мұсылман емеспіз бе?Кайырымдылық деген сауабы мол игі іс».
Самат Әбдірахманов, Түлкібас ауданының тұрғыны: «Әрине қолымыздан келіп жатса, қаржы болса, көмектесеміз».
Айта өтейік, аз қамтылған отбасыларға көмек мемлекет тарапынан да көрсетіледі. Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты халықты жұмыспен қамту орталығына атаулы әлеуметтік көмекке 91 мың азаматтан арыз түскен. Еңбекке қабілетті азаматтарды қысқа мерзімді курстарда оқытып кәсібін ашуға, қоғамдық жұмысқа орналасуға да жәрдем беріледі.
Ержан Серікбаев, Шымкент қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының директоры: «Еңбекке қабілетсіз азаматтардың тұрмыстық жағдайы комиссиямен тексеріліп, акт түзіледі. Шешім негізінде қаржылай көмек көрсетіледі. Мысалы бір отбасында 4-6 адам болса бір тоқсанға 80-100 мың теңге аралығында көмек көрсетіледі. Қазір 3 100 адамға шартсыз ақшалай қолдау көрсетіледі. Азаматтардың саны өзгеріп тұрады».
Орталықтың көмегімен алпысқа жуық азаматша өз кәсібін ашып, отбасын бағып отыр. Айта кететін жәйт, Шымкентте белсенді азаматтардан жасақталған «Мейірімділер клубы — Клуб добряков», «Ізгілік» сынды ұйымдар да жұмыс істейді. Оларды әлеуметтік желілер арқылы оп-оңай тауып алуға болады.
Шынар Оразова