Бүгін Шымкентте кілемдер жəрмеңкесі басталды. 11 күнге созылатын бұл шараның ерекшелігі тауарлар таңдауының кеңдігінде. Осыған дейін тек отандық кілемдер ұсынылып келген болса, бұл жолы әлемдік бренд тоқыма өнімдеріне де арнайы орындар беріліпті. Ал бағалары қалай екен?
Мыңнан астам тоқыма өнімдері ұсынылған жәрмеңкеде кілемдердің түр-түрін таба аласыз. Алайда көздің жауын алардай тауарлардың арасынан таңдау жасау Мауия Мұсаеваға оңайға түспеді. Таң сәріден келген кейіпкеріміз кілемдер көрмесін аралап шығып, ақыры отандық өнімді таңдады.
Мауия Мұсаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қазақтың оюы түскен әдемі кілемдері бар екен. Жаңа үйге көшіп жатырмыз. Түркияның, Иранның кілемдерін көрдім. Жұқалау екен. Біздікіне жетпейді».
Кейіпкеріміздің таңдауы түскен қазақы кілемдер бүгінде шетелдерде де сұранысқа ие дейді кәсіпкерлер.Түрлі сыр-сипатқа ие ұлттық ою-өрнектермен безендірілген бұл өнімдер ұлттық брендке айналып үлгеріпті. Дегенмен, таңдауға талас жоқ. Жәрмеңкеге Иран, Бельгия, Түркиядан әкелінген тоқыма өнімдерінің де түр-түрі әкелінген. Бағасы нарықтағыдан әлдеқайда арзан дейді ұйымдастырушылар.
Талғат Ысқақов, «Балтекстиль» ЖШС-нің директоры: «Жәрмеңкедегі кілемдер нарықтағыдан 20-30 пайызға арзан сатылып жатыр. Қазір біз шикізатты өзіміз өндіріп жатырмыз. Бұл тауардың өзіндік құнына айтарлықтай әсер етуде. Біздің тауарлардың бағасы қазір 20 пайызға дейін арзандады».
Бағасы 200 теңгеден басталатын кілемшелер мен қоса әр шаршы метрі 30 мың теңгеге бағаланып отырған қол кілемдері де бар. Жәрмеңке қазан айының 21-не дейін жалғасады.
Мақпал Рысбаева