Жиында мамандар вакцинаға күмәнмен қарап, егуден бас тартқан ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Инфекциялармен күрес ретінде екпенің пайдасын бүгінде бүкіл әлем мойындап отырғанымен елімізде екпеге әлі де сенімсіздікпен қарап, салдырудан бас тартушылардың саны жылдан жылға артуда.

Салаға жауаптылардың сөзінше, бір ғана мектепте туберкулез ауруына қарсы БЦЖ екпесінен бас тартқан 26 баланың ата-анасы анықталған. Балаларын егуден бас тартқан азаматтардың басым бөлігі дін жолында жүргендер.

Жанар Молдабекова, Шымкент көпсалалы ауруханасының балалар емханасының меңгерушісі:   «Қаладағы №46 мектепте 36 баланың ата-анасы екпе жасатуға қарсылығын білдірген. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде вакцинадан бас тартқан 10 ата-ана баласына екпе жасатуға келісім берді. Біз бұл жұмыстарды одан әрі күшейтіп, профилактикалық жұмыстардың маңыздылығын көпшілікке түсіндіргіміз келеді».

Жиынға қатысқан ата-аналардың айтар уәждері болғанымен бірде-бірі баласының екпеден ауырғанын растайтын құжат та, анықтама да көрсете алмады. Ақ халаттылар мен Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары оларға екпенің қауіпсіз екенін түсіндіріп, вакцинаның пайдасы мен кестесі жазылған кітапшаларды таратты.

Ғаламтордағы ақпараттардың қауесет екенін айтқан дәрігерлер нақты екпеден әлі ешқандай бала ауруға шалдықпағанын айтуда.

Лаура Нақыпқызы