Шымкенттік Сенаторлар жерлестерімен жүздесті

279
shymkent.gov.kz

Таяуда ғана үшінші мегаполистен сайланған Сенат депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Дархан Сатыбалды Шымкент тұрғындарымен кездесіп, Елбасы Жолдауының басым бағыттарын нақтылады. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауды талқылау жиынына қала мұғалімдері, ардагерлер, жалпы Әл-Фараби ауданының тұрғындары қатысты.

Жолдауды іске асыру талқылау жиынын қала әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай жүргізіп отырды. Сенат депутаттары Елбасының халыққа арнаған Жолдауындағы негізгі бағыттарды түсіндіріп берді.

«Біз өздеріңізбен ынтымақ пен бірлікте жұмыс істеп, талай шешімдер қабылдадық. Сол жұмысты әрі қарай жалғастыру міндеті тұр. Қазір жаңа қызметтер құрылуда. Әр азамат өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарса, жетістіктер де артпақ. Жолдау жарияланғалы бері талқылау, қолдау іс-шаралары өтіп жатыр. Негізгі  6 басымдық белгілі. Азаматтардың жалақысын арттыру, тұтынушылар мен монополситер арасында ашықтық, бизнес саласындағы қолдау, педагогтар мәртебесін қабылдау сынды маңызды басымдықтарды бірлесе жүзеге асырайық. Жалпы, Жолдау әлеуметтік-экономикалық дамуға зор серпін береді», – деді Нұрлан Құдиярұлы.

Дархан Амангелдіұлы да ең төменгі жалақыны арттыру, әлеуметтік саланы қолдауда жүзеге асатын бағыттарды жан-жақты ашып, түсіндіріп өтті. Халық қалаулылры әрі қарай білім, денсаулық сақтау саласындағы мәселелер бойынша халықпен жүздесіп, ұсыныстарды тыңдауға дайын екендерін айтты.
««Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы өз тиімділігін көрсетті. Біз осында кәсіпкерлерге көп көмек көрсеттік. Сұраныс бар. Қаржы жетпей жататын. Үкіметке ұсыныс беретінбіз. Енді мегаполис мәртебесін алғаннан кейін олармен тікелей жұмыс жүргізілмек. Бізге әлі де мектептер жетіспейді. Мұғалімдер мәртебесін қабылдау үшін өз ұсыныстарыңызды айтыңыздар. Айтар уәждеріңізді Астанаға ала кетеміз», – дейді Дархан Амангелдіұлы.

Жиында сөз алған шымкенттіктер Жолдаудағы нақты іс-шараларға қолдау көрсететуге дайын екендерін жеткізді.

shymkent.gov.kz