Сыбайлас жемқорлықпен күресуге қоғам болып жұмылдырылмақ

513
кеңейтілген кеңестен көрініс

Мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттар арасындағы ынтымақтастықты дамыту басты назарда. Мемлекеттік саясатты халыққа тікелей жеткізу жолын діттегендер бас қосты.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастамасымен қалалық қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында екі жыл бұрын Елбасының бастамасымен құрылған қоғамдық кеңестің бұқара мен биліктің ақылдасу алаңына айналғаны айтылды.

Ендігі мақсат сол кеңестің рөлін күшейту. Құрамында саяси партиялар, БАҚ, мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері және кәсподақ, бизнес құрылымдарынан жалпы 27 мүшесі бар қоғамдық кеңес білек сыбана жұмысқа кіріскен.

Мұхтар Битеміров, Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы

Мұхтар Битеміров, Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы: «Біздің кеңеске кез-келген азамат жүгіне алады. Арыз-шағымдар бойынша   тексеру жүргізіліп, кеңесте  жіті талықланады».

Білім саласындағы сыбайлас жемқорлық күн тәртібінен түспеген мәселе. «ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне келіп түскен  арыздардың басым бөлігі мектепте ақша жинауға қатысты» дейді департамент басшысы Әли Көмекбаев. 2018 жылдың 1 – жарты жылдығында түскен 70-ке жуық арыз-шағымдардың 40 пайызы білім саласына қатысты. Атап айтқанда, мектептердегі ақша жинау, мұғалімдердің жалақыларының уақытылы төленбеуі, директорлардың өкілеттіктерін асыра пайдалануы. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында шаралар көрілуде, алайда нәтижесі көңіл көншітпейді.

Әли Көмекбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы

Әли Көмекбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы: «Ата-аналар мектепте пердеге, тамаққа ақша жинайды деп арызданады. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында Шымкент қалалық әкімдігімен 4-ші тоқсанда  мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын бағалайтын шкала енгізілмек. Жалақысы  артатын  қызметкерлер пара алмай, адал жұмыс жасайды деген  сенім бар. Тағы бір шара біз департаменттің байланыс телефондарын барлық жерде іліп, бізге хабарласатын азаматтармен жұмыс жасамақпыз».

Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің қаладағы департаменті мен қоғамдық кеңес мүшелері бұл дертпен қоғам болып күреспесе нәтиже шықпайды деп отыр. Сол үшін сіз ді де жемқорлықтың алдын алуға шақырады. Ол үшін Қоғаммен кері байланыс орнату мақсатында 51-51-51 сенім телефоны мен 8702-201 51-51 нөмірі қосылған. Бұл желіге сыбайлас жемқорлық фактілерінің куәгеріге бола қалсаңыз, хабарласуға болады.

Шынар Оразова