Сыбайлас жемқорлықтан салық саласы да сау емес

388

Сыбайлас жемқорлықтан салық саласы да сау емес. Қоғамның жегі құрты болған жемқорлықтың алдын алу үшін бүгінде аудан, аумақтардағы сан салалы мекемелерде арнайы жиындар өткізілуде. Соның бірі Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің ұйымдастыруымен өтті.

Қазына қоржынын қомақтыландыруы тиіс салық қызметкерлері кейде жеке қалтасымен мемлекеттің қаржысын шатастырып алатыны өкінішті. Келтірілген фактілер жаға ұстатардай. Былтыр өңірімізде сыбайлас жемқорлыққа бой алдырған салық қызметкерлеріне қатысты 5 қылмыстық іс қозғалған.

Отырар, Ордабасы аудандарының салық қызметкерлері құрықталып, 5 млн. теңге айыппұл арқалап, өмір бойына мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан айырылып, 2 жыл 6 айға бас бостандығымен қош айтысыпты. Ал биыл жемқорлардың үшеуі тұтылыпты. Сыбайлас жемқорлыққа бой алдыратындардың дені кәсіпкерлікті тіркеу, патент беру, кәсіпорындарды банкрот деп тану бойынша тірлік тындырып бермек болып келіскен. Алайда қақпанға түскен. Зал толы жиналған қауымға жемқорлардың фотосы көрсетілді. Кесілген жазалары да экранға шығарылды. Дегенмен бұдан қорытынды шықса игі…

Нұрлан Қамбатыров, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы: «Түркістан облысы бойынша үлкен арнайы экономикалық аймақ ашылды. Одан бөлек облысымызды көркейту, дамыту үшін қаншама жұмыстар қолға алынуда. Сол жұмыстарды жандандыруымыз қажет. Алайда сыбайлас жемқорлыққа жол беріп жатсақ, ұятқа қаларымыз сөзсіз. Салық саласы мамандары мұндай қылмыстардан аулақ болсын деген ниетпен бүгін бас қосып отырмыз».

Гүлжан Жұмаш