ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастамасымен Шымкент қалалық өзбек драма театрында «Жасанды науқас» комедиясы қойылды. Күлдіре отырып ойландыратын туынды терең танымға құрылған.
Есінететін жиындар мен ұйықтататын баяндамалардан көрі қоғамның жегі құртына айналған дертті сахна төрінде түсінікті тілмен насихаттау ұтымды шыққаны анық. Күлкіге көмген комедияға жиналғандар көп болды.
Айбек Шілманов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының орынбасары: «Бүгінгі өткізіп жатқан іс — шара сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша біздің департаменттің бастамасымен өзбек драма театрының қолдауымен өткізіліп жатыр. Негізгі мақсатымыз — барлық қоғам өкілдерін тарта отырып, барынша әртүрлі әдіс тәсілерді қолдана отырып сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік көзқарас қалыптастыру, яғни осы қойылым арқылы азаматтарға ойтүрткі тастау. Оның қандай жауапкершілікке әкеліп соғатынын түсіндіру…».
Ашкөздіктің соңы жақсылыққа апармайтынын көпшіліктің көкейіне ұялату. Туынды өз миссиясын орындағандай… Сыбайлас жемқорлыққа бой алдырғандар сап-сау адамды ақша үшін мүгедекке айналдырады. Ақырында өздерінің айыбын жуып шаймақ болып, жындының ролін сомдайды. Басты кейіпкер мүгедектікке берілетін ақша үшін жанталасқан-ды. Ақырында осы қанағатсыздығы ұл-қыздарының бағын байлайтынын білмеген-ді.
Икрам Хашимжанов, Шымкент қалалық өзбек драма театрының директоры: «Қарақалпақ драматургы Сайлаубек Жұмағұловтың «Жасанды науқас» спектаклі бүгінгі таңда біздің өміріміздің өзекті мәселесін қозғайды. Көп дәрігерлер азаматтарды көбіне мүгедектікке мүгедек еместерді де шығарады. Оларға қарсы күреспесек, олардың алдын алмасақ мемекеттің қаржысы, ол халықтың нәпасқасы желге ұшпақ».
Шахноза Исматуллаева, №105 орта мектебінің оқушысы: «Бүгін сыбайлас жемқорлық туралы спектакль көріп, оқушылар мұндай келеңсіздіктен бойын аулақ салары сөзсіз. Осы туындыны көріп үлгі алатын болады. Оңай келген ақша жақсылыққа апарамайтынын біле жүретін болады»
Дәл осы сахна туындысы алдымен орыс драма театрында, одан кейін қазақ тілінде сахналаныпты. Енді өзбек тілінде насихатталып отыр. Қоғамға ой саларлық туынды алдағы уақытта өзге де көрермендердің назарына ұсынылмақ. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті қоғамның өзегін кеулеп жеген дерттің алдын алу үшін осындай ұтымды жобаларды алдағы уақытта да жалғастырмақ ниетте.
Гүлжан Жұмаш