«Өзгеге өмір сыйла». Донор күні қарсаңында өңірде өз ағзасымен бөліскен жандар марапатталды. Бүгінде Түркістан облысы мен Шымкент қаласында 300-ге жуық науқас бүйрек жетіспеушілігінен зардап шегуде. Одан өзге мыңдаған науқас жүрек, бауыр трансплантациясының кезегін күтуде.
Дәрігерлер мен қоғамдық бірлестік өкілдерінің өзгеге өмір сыйлаған мейірімді жандарға деген құрметі ерекше. Донор күні мерейі үстем болғандардың бірі бауырымен, бірі баласымен, енді бірі досымен ағза бөлісіпті. Осылайша жақын адамдарының өмір сүруіне сеп болған.
Айта кетейік, бүгінде үш мыңдай науқас бүйрегін, бір мыңдай қазақстандық бауырын, тағы осынша адам жүрегін алмастыруға кезек күтіп жүр. Ал көптеген науқас дер кезінде донор табылмағандықтан көз жұмған. Сырқат жандарға көмек беруге донорлардың жетіспеушілігі қолбайлау болып тұр дейді мамандар.
Айта кетейік, біздің елде органды саудалауға рұқсат жоқ. Сондықтан медицинадағы маңызды саланы дамытуды өркениетті жағдайда ғана қолға алу керек деп есептейді «Үміт » қоғамдық бірлестігінің мүшелері. Осы мақсатта белсенділер «Донорлар күнін» ерекше атап өтіп, халықты бұл дүнеден өтерде өзгенің өмірін сақтап қалуға атсалысуға шақырады.
Мақпал Рысбаева