Түлкібас ауданында көпсалалы колледж ашылды

636

Бүгінде аудан орталықтарында түрлі кәсіп иелерін дайындайтын орта арнаулы оқу орындары көптеп ашылуда. Бұл өз кезегінде аудан жастарын облыс орталықтарына, ірі мегаполистерге сабылмауына септессе, екіншіден ауданға, ауыл аймаққа аса қажетті мамандық иелерін өздерінде оқытып шығарады. Күні кеше Түлкібас ауданына қарасты Т.Рысқұлов ауылында көпсалалы колледж ашылды.

Салтанатты жиынның ашылу рәсімінде сөз алған аудан әкімі Н.Тұрашбеков, аудан тұрғындары мен қонақтарын жаңа оқу орнының ашылуымен құттықтады. Аудан әкімі «2019 жылды «Жастар жылы» деп белгілеген болатын, осыған орай сіздер мен біз еліміздің болашағы жастарымызға жоғары деңгейде сапалы білім алуға барлық жағдайды жасауға міндеттіміз” – дей келе «Ұстаздар күні» мерекесіне орай колледж мұғалімдеріне де ыстық лебізін білдірді.

Сонымен қатар, шара барысында аудан басшысы мерекеге орай бір топ үздік колледж мұғалімдерін ауданның 90 жылдық мерейтой медалімен және алғыс хаттармен марапаттады. Іс-шара колледж білімгерлері мен аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.

Көпсалалы колледж «Мектепке дейінгі білім беру мұғалімдері», «Мейірбике қызметі» және «Информатика мен ағылшын пәндерінің мұғалімдері» мамандықтары бойынша 200 білімгерге дейін оқыта алады.