Түркістан облысында 5  мектеп директоры мен 1 балабақша меңгерушісі пара алып ұсталған.  Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Әбілқасым Жорабеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әбілқасым Жорабековтың сөзінше, Сайрам ауданындағы Фуркат атындағы мектеп директоры  И. Ахмедов мұғалімдікке жұмысқа қабылдау үшін 850 мың теңге пара алу кезінде ұсталып, 3 жылға бас бостандығынан айырылған.

«Жетісай қаласындағы №119 мектептің директоры С.Ахмедова тәрбиешіні жұмысқа қабылдау үшін 500 мың теңге сұрап, құзырлы орган өкілдерінің қолына түскен. Директор 4 жылға бас бостандығынан айырылды. А. Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылындағы «Далабазар» орта мектебінің директоры бағбаншыны жұмысқа қабылдауға 300 мың теңге алғаны үшін 3,6 жылға бас бостандығынан айырылды. Түлкібас ауданындағы М.Мәметова атындағы орта мектептің директоры А.Жалбиев  әдіскерді жұмысқа қабылдау үшін 150 мың теңге алу кезінде ұсталып, сотты болды. Өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылып, 9 млн теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Күні кеше, яғни 14 қыркүйекте Сайрам ауданындағы «Күншуақ» балабақшасының меңгерушісі А.Тоқабаева мекеме есепшісінің делдалдығымен тәрбиешінің көмекшісін жұмысқа қабылдау  үшін 200 мың теңге пара алу кезінде ұсталды. Сондай, Жетісай ауданындағы Н.Төреқұлов атындағы орта мектептің директоры С.Сабырханов лаборантты жұмысқа қабылдау үшін 200 мың теңге алу кезінде қолға түскен. Қазір соңғы екі қылмыстық  іс сотқа жолданды»,- деді Департамент басшысының орынбасары.

Айта кетейік, өңірде өткен 2017 жылы парамен ұсталған Облыстық білім басқармасының  бұрынғы басшысынан бастап бірқатар мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері сотталған болатын. 5 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке   тартылып, 7 қызметкерге қатысты ұсыныс жолданған.