Түркістан облысында бірдей мектептердің құрылысына әртүрлі сомадағы қаражаттар жұмсалады. Мәселен, 600 орындық бір білім нысанын тұрғызуға 600 млн. теңге қаралса, дәл осындай келесі нысанды салуға бұдан екі еседей қаражат шығындалады.
Бүгін кезекті жолдауын жолдаған ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет қаражатының жұмсалуына қатысты осылай пікір білдірді. Ел дамуында маңызы айырықша құжатты таныстырарда Елбасы күнгейліктер тарапына бір емес, бірнеше рет сын- ескертпелер айтты.
Елбасының кезекті Жолдауы әдеттегідей барлық саланы қамтыды. Халықтың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатын дамытуға бағытталған басты құжатта білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау салалаларын реформалаумен қоса ел экономикасын қуаттандыру да жан-жақты қаралған.
Барлық салада ашықтық пен жариялылықтың қамтылуын ескеркен Елбасы бұл жолы да мемлекеттің әр тиыны үнемді жұмсалуы қажеттігін ескертті. Соның ішінде үш ауысымды және апатты мектептерді жою мақсатында бөлінген қыруар қаражаттың да сұрауы болды.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті: «Түркістан облысында бір ауданда 600 орындық мектепті салуға 600 млн. теңге бөлінсе, сыйымдылығы осындай мектепке 1 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалады. Мектептерді салу да жіті қарастырылмайды. Үш ауысымда білім берілетін аумақта мектеп салынбайды керісінше, қарастырылмаған жерге мектеп салынады».
Өңірде жемқорлықтың өршіп тұрғанын осыған дейін де бірнеше рет сынға алған ел президентін бұл дертпен күресуде аймақ басшысының айла әрекеті қызықтырды.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті: «Осыған қатысты қандай ойың бар?».
Жансейіт Түймебаев, Түркістан облысының әкімі: «Бұл мәселе жуырда «Нұр Отан» партиясының жиынында қаралған болатын. Біз соңынан ақылдастық. Қазір мектеп мұғалімдері мен директорларын жұмысқа қабылдаудың электрондық жүйесі қолға алынды».
Жемқорлықпен күресте өзгелерге үлгі бола алмаса да шаруашылыққа келгенде өзгеге дес бермейтін жерлестеріміздің жетістіктерін Елбасы да білетін болып шықты.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті: «Бөрте милка» ЖШС-і сүт бағытында өндірісін екі есеге арттырды. Мұндай жобаларды өзгелер де қолға алуы керек. Бізге осындай тың жобалар қажет».
Аграрлы саланы дамытуда қытайлықтардың тәжірибесін үлгі еткен Елбасы ауыл шаруашылығына тиесілі жерлердің тиімді игерілуін қадағалауды да қатаң тапсырды. Гектар-гектар жерді иемденіп алып елге де бермей, өзі де игермей отырған пысықайларды анықтауды құқық қорғау органдары өкілдеріне жүктеді.
Мақпал Рысбаева