Түркістанда бес жұлдызды қонақ үйдің құрылысы басталды

678

Құны 10 млрд. теңгеден асатын «Риксос Хадиша Түркістан» отелі белгілі кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге аспақ. Оның іргетасы Түркістан қаласының туған күніне орай бүгін қаланды. Мұнан бөлек, киелі өңірде тағы бір қонақ үй ашылды. «Туризмнің дамуы үшін, осылайша, нақты қадамдар жасалып жатыр», дейді Түркістан қаласынан тілшіміз Ардақ Берден.

Бой көтергелі жатқан 6 қабатты қонақ үй Түркістан қаласына кіре беріс аймақта салынады. 3 гектар жерге тұрғызылатын нысанды белгілі меценат Серікжан Сейітжанов қаржыландырмақ. 120 орынға арналған отель болашақта көне қала — облыс орталығына келушілердің сұраныстарына сай қызмет ететініне кәсіпкер бек сенімді.

Айтуынша, «Риксос-Хадиша-Түркістанда» мейрамхана, SPA салондар мен 1200 орынға арналған конференц залы да болады. Заманауи отель салудан алдына жан салмайтын кәсіпкер Серікжан Сейтжанов аймақ басшысымен бірге қонақүйдің алғашқы іргетасын өзі құйды.

Ғимараттың қашан дайын болатын мерзімі де айтылды. Құрылысына жалпы 10 млрд7 теңгеден астам қаржы жұмсалатын қонақ үй келесі жылы пайдалануға берілмек. Осы күні Жансейіт Түймебаев облыс орталығында жаңа 4 қабатты мейманхананың ашылуына да қатысты. 32 бөлмеден тұратын «Роял Гранд отель» шетелдік туристерді қабылдауға сақадай сай.

Түркістан қаласында бүгінде 21 қонақ үй бар. Саны айтарлықтай болғанымен, халықаралық талаптарға сайы саусақпен санарлық. Туризмді дамытамыз деп жанталасып жатқан кезде, мейманханаларымыздың жәйі оңбай тұрса, ұтарымыз көп болмасы белгілі.

Ал, өңірге келушілер, қазірдің өзінде күрт артқан. Осы жылдың өзінде киелі шаһарға 1054000 турист ат басын бұрған. Оның үстіне, бұдан былай саны арта түсетін қонақ үйлер ішкі туризмнің дамуына сөзсіз септігін тигізеді.