Түркістан қаласының Даму тұжырымдамасы Елбасыға ұсынылып, мақұлданды. Енді, соған сәйкес облыс орталығының Бас жоспары дайындалады. Бүгінде атқарылатын жұмыстардың дені нақтыланып жатыр. Облыстың бас сәулетшісі Еркін Жүсіповтың айтуынша, барлық шаруа кезең-кезеңімен жүзеге аспақ.
Сонымен…
ТҮРКІСТАН ҮШІН ҰТЫМДЫ 3 НҰСҚА
Облыстың бұрынғы орталығы Шымкенттен 150 шақырымда орналасқан Түркі әлемінің бойтұмары Түркістанда өзгешелік бары қалаға кіреберісте бірден байқалады. Көліктер бұрынғыдан көбейген, қозғалыс көп. Қалаға кірер қақпаның оң жақ бетінде менмұндалап көпқабатты үйлер бой түзей бастаған. Қаланың тарихи орталығына алып баратын «Түркі бағы» саябағы салынып жатыр. Субұрқақтары мен «Бәйтерек» деп аталатын композиция демалыс орнының көркін ашып тұр. Бұл — облыстың бас сәулетшісі Еркін Жүсіповтың жеке жобасы. Оның айтуынша, алдағы уақытта мұндай саябақ, гүлзарлар көп болады. Мамандар осылайша Түркістанды жап-жасыл қалаға айналдыруды жоспарлап отыр. Киелі шаһардағы баламалы энергияны — күн көзін, желді пайдаланып, кәдеге асырмақ.
– Мысалы, бір жылда 365 күн болса, соның 325 күні Түркістанда ашық болады. Егер осыны пайдаланып, тиісті технологиялармен жұмыс істесек, облысымыздың орталығы әлемдегі «Ақылды қалалардың» бірі болады»,- дейді бас сәулетші.
Түркістанды дамытудың тұжырымдамасын негізге ала отырып, облыс басшылығы жақында халықаралық конкурс жариялаған болатын. Осы байқауға 22 жұмыс түсіпті. Республиканың бірқатар қалаларынан арнайы келген сарапшылар оның 9-ын іріктеп алған. Енді соның ең мықты және Түркістан үшін ұтымды болатын 3 нұсқасы таңдалады. Бас жоспар сол нұсқалардың негізінде құрылмақ.
НЕ КҮТІП ТҰР?
Түркістанның оңтүстік аймағында орналасатын Әкімшілік-іскерлік орталықтың бірнеше нұсқалары бүгінде дайын екен. Ондағы мәдени-ошақтар, оқу-ағарту, спорт-сауықтыру орталықтары мен кешендерін салуға ниетті инвесторлардың жобалары жақында егжей-тегжей қарастырылмақ. Жаңа жобалардың бірі — жалпы аумағы 15 мың шаршы метрді құрайтын «Мега сити» ойын-сауық кешені. Оның құрылысымен де таныстық. Нысанда алдағы уақытта 200-дей адам жұмыспен қамтылады екен. Олар тәулігіне 800 адамға қызмет көрсетпек. Үлкен жолдың бойына орналасқан кешен Түркістан қаласындағы көрікті ғимараттардың бірі болары анық. Оның құрылысы биыл желтоқсан айында толық аяқталып, қала тұрғындары мен қонақтарына тамаша тарту болғалы тұр. Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында қарастырылып отырған қажетті жобалардың барлығы Кешенді жоспар жобасына енгізіліп, ҚР Ұлттық экономика министрлігіне ұсынылған. Білгеніміз, Түркістан қаласында салынатын жаңа нысандар үшін қазандық пен 3 подстанция құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Су, газ мәселелері жедел қолға алынады. Тұрғын үй мәселесін шұғыл шешу үшін жергілікті бюджет есебінен Түркістан және Кентау қалаларында 1 956 пәтерлі жалпы 33 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Жыл соңында олардың қатары тағы да артады.
Тұрғын саны 500 мыңға жетеді
Қазір Түркістан қаласы халқының саны 160 мыңнан асады. 2019 жылы бекітілетін Бас жоспарға сәйкес 500 000 тұрғыны бар шаһарға айналмақ. Жауаптылар Түркістанның аз уақытта, тіпті, бір миллион тұрғынды қамтитын әлеуеті бар қалаға айналатынына да күмән келтірмейді. Ол үшін қазір тұрғын үйлер, инженерлік-коммуникация, жол, әлеуметтік нысандар, темір жол, әуежай, автобекеттер салу бойынша құжаттар дайындалуда. Мұның барлығы қаланың жаңа ауданында іске асады. Инженерлік коммуникация жүйесі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің айналасындағы ауданда да реттеледі. Ол аудандағы жұмыстар өте ауқымды. Тар көшелер кеңейтіліп, базарлар, сауда орындары қаланың сыртына шығарылмақ. Бас сәулетшінің сөзінше, алдымен сол маңдағы жер үйлер сүріледі. «Әрине, мұның бәрі бас жоспар бекітілген соң жүзеге асырылмақ. 2019 жылы оған қатысты құжаттар бекітіледі. Осының бәрін тиісті деңгейде іске асыру үшін шамамен 18-20 млрд теңге қаражат керек, — дейді облыстың бас сәулетшісі. Бұл ретте сақталуы тиіс талаптар бар. Кесене аймағында бой көтеретін жобалардың ешбірінде ғимараттар мешіттен биік болмауы керек! Түркістанның ежелгі сәулеттік келбеті қалпына келтірілетінін жақында Парламент Мәжілісінде туристік саланы дамытуға арналған Үкімет сағатында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да мәлім етті. «Түркістан бойынша ТОП-10 туристік карта нысандары аясында жұмыстар жүргізілуде. Елбасы айтып өткендей: «Түркістан ежелден бері біртұтастық функциясын жоғалтқан жоқ. Бұл түркітілдес елдерді біріктірудің негізі болып табылады». Осыған байланысты қаланы дамытудың сәулеттік тұжырымдамасы туристік мүдденің магниті болып табылатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы Жібек жолы дәуірінің ежелгі ұлылығының түпнұсқалық бейнелерін қалпына келтіруге бағытталған», — деді министр. Түркістан Түркі әлемінің мәдени-рухани астанасы ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемге танымал еліміздің бренді болуы тиіс. Бұл да Президенттің Түркістан қаласына қатысты басты тапсырмаларының бірі. Осы тұстардың іс жүзіне асуын және оны қалай жүйелеу керектігін Елбасы қыркүйек айының соңында Түркістанға арнайы іс-сапармен келіп, көріп кетпек. Сондықтан, бүгінде облыстың жаңа орталығында да, бұрынғы орталығы Шымқалада да дайындық қызып жатыр…
ТУРИСТЕРДІҢ КӨЗІМЕН
Осы жолы Түркістанда бес күн жүріп, байқағанымыз, туристер қатары айтарлықтай көбейген. Республиканың әр өңірлерінен арнайы келген отандас-тарды айтпағанда, көрші Өзбекстан мен Қырғызстан, Ресей, алыс шетелдерден — Малайзия, Қытай, Аргентина, Ұлыбританиядан арнайы келген саяхатшыларды көріп, сұқбаттасудың да сәті түсті.
Аргентинадан келген ерлі зайыптылар: «қаланың ескі көшелерін, құрылыс нысандарын сол қалпында қалдырса, керемет екен. Кесененің бірнеше ғасырлар бойы сақталған керамикасы, кірпіші, олардың сапасы таңқалдырды», — деп әсерімен бөлісті.
Ал қырғыз ағайындарымыздың арасынан «Қазақстанның Оңтүстігінде халық өте қонақжай, ашық жарқын дегенді көп еститінмін. Алайда, біз кездескен азаматтардың арасында дөрекілеулері көп болды. Бірақ, іскер екені көрініп тұр»- дегендер табылды. Біз оларға «бүгінде облыс орталығы болған аймаққа сырттан келушілер де көп. Еліміздің ішкі миграциясы да бұл тұсқа әсерсіз емес», — деп арамызда расында да, қонақжай, пейілі кең, жомарт жандардың көп екенін айттық. Қонақтардың көзіне оғаштау болып көрінген тағы бір мәселе — қаланың орталық көшелеріндегі тазалық жәйі. Ескі орталық базардың маңы расында да тым лас. Көше бойын жағалай отырып, көкөніс, жемістерін саудалағандар ондағы тазалықтан гөрі қалтаға түскен теңгесін санап әлек. Өзі тар көшеде қоқыс жетіп артылады. Ал мұндағы жаяу жүргіншілер жолы соңғы рет қашан жөнделгенін айтудың өзі артық. Ирригация жүйесі мүлдем қаралмаған… «Көрмейін десем, көзім бар» демекші, қоғамдық көлік аялдамасында тұрып, тағы басқа түйткілдерді байқар ма едік…9-шы бағыттағы автобусымыз келіп, жүріп кеттік. Автобустар да ескі. Халық саны арта бастағаннан болса керек, жетіспей жатқанға ұқсайды. Бұл тұрғындардың уәжі. Ал такси бағасы соңғы екі айда бірден қымбаттаған. Бұрын 150-200 теңгеге жететін жеріңізге бүгінде кемінде 500 теңге төлейсіз. Өйтпесеңіз, таксистер қимылдамайды.
Индонезиялықтар көп келеді
Түркістан облысы мен Индонезия мемлекеті туризм және сауда-саттық салалары бойынша тығыз байланыс орнатады. Индонезия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Рахмат Промономен жүздескен Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев осындай келісімге қол жеткізді. Түркістан қаласына арнайы келген елшіні қабылдаған өңір басшысы Индонезияның әлеуеті жоғары мемлекет екеніне тоқталды.
«Қазір индонезиялықтар Өзбекстанның Самарқан, Бұхара қалаларына жиі саяхаттайды. Оларды облысымызға шақыруға мүмкіндік мол. Өйткені, Түркістан облысында тау да, өзен де, көл де, құм да, курортты аймақтар да, тарихи-мәдени ескерткіштер де көп. Түркістан-Самархан-Индонезия туристік бағытын қалыптастырып, әуе рейстерін аша білсек, туризмді дамытуға тиімді болмақ. Сондай-ақ, өңіріміз Индонезияға бақша өнімдерін, ет пен көкөніс экспорттауға қабілетті. Ол елден де бізге тиімді жобалар ұсынылатынына сенімдімін. Түркістан облыс орталығы атанғалы бері осында келген тұңғыш елші болғаныңыз үшін сізге алғыс айтамын. Еліміз үшін қастерлі қала деп әспеттелетін Түркістанды дамытуға үлес қосамыз, инвестиция салып, бірге жұмыс атқарамыз десеңіздер әріптестікті тереңдетуге әзірміз,— деген өңір басшысы әріптестік пен достық-экономикалық байланысты нығайта түсу үшін жиі кездесіп, тағы да келіссөздер жүргізуге дайын екенін білдірді. Өз кезегінде Рахмат Промоно да жылы қарсы алған өңір басшысына ризашылығын білдіріп, Түркістан қаласынан ерекше әсер алғанын жеткізді. «Өзбекстандағы Самарқан, Бұхара қалаларын аралап көрдім. Бірақ, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі айрықша әсер етті. Сәулетті ескерткіш екен. Менің бұл елдегі миссияларым — саяси және экономикалық байланысты күшейту. Саяси тұрғыда Индонезия мен Қазақстан сенімді әріптестер екенін білесіздер. Түрлі мәселелерде, халықаралық форумдарда қос ел бір-бірін қолдап дауыс беріп жүреді. Енді біз экономикалық және сауда-саттық бағытындағы жұмыстарды тереңдете түсуге ниеттіміз, — деген ол екі ел арасындағы виза мәселесін жеңілдете түсу керектігіне тоқталды.
…Тар көшелер кеңейіп, тұрғын үйлер көбейіп, қоғамдық көліктер жаңаланып, сервистік қызмет сапасы артса…Түркістан расында да еліміздің әлемдік деңгейдегі брендіне айналады! Әр тұрғын, әр кәсіпкер, әр маман иесі өз ісіне жауапты, ішкі мәдениетін, кәсіби біліктілігін арттырса…Түркістан — ең қонақжай, дамыған туризм орталығына, «ақылды қалалар» қатарына қосылады! Ол сөзсіз! Сонда, біз — Түркістан облысынанбыз деп ауыз толтыра айта аламыз!
Зәуре Оралбаева
№39, 26 ҚЫРКҮЙЕК 2018 ж.