Ж.Түймебаев шетелдік қоғам белсенділерімен кездесті

302

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Мир через духовность» қоғамдық ұйымы кеңесінің Ресей мен Қазақстандағы өкілдерімен кездесті.

Басқосуда тараптар таяуда Сайрам ауданында Англия мен Америкадан келген жоғары дәрежелі дәрігерлердің қатысуымен ұйымдастырылған халықаралық еріктілер лагері мен халықаралық медициналық конференцияның өткізілуіне байланысты сөз қозғап, медицина саласындағы әрмен қарайғы ынтымақтастық мәселесі туралы әңгімелесті. Жиында халықаралық медицина саласындағы нақты іс-шаралар жоспары егжей-тегжейлі келісіліп, алдағы жоспарлары баяндалды.

Сондай-ақ, отырыста шетелдік қонақтар облыс басшысына Елбасының «Рухани жаңғыру» Жолдауы аясында шетелдік ғалымдардың қатысумен халықаралық мәдени, халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларды Түркістан облысында ұйымдастыру бойынша ұсыныстарын жеткізді.

Өз кезегінде, өңір басшысы меймандардың ұсыныс-тілектерін толықтай қолдайтынын айтып, болашақта бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Еске салайық, осы жылдың шілде айында Сайрам ауданында 8 топтан құрылған 30 дәрігер жергілікті халыққа тегін медициналық көмек көрсеткен-ді. Аталған шара Елбасының «Рухани жаңғыру» Жолдауы аясында өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың қолдауымен ұйымдастырылған. «Мир через духовность» қоғамдық ұйымының мүшелері облыстық клиникалық ауруханада «Халықаралық медициналық конференция» өткізіп, аталған медициналық мекеменің жетекшілерімен және мамандарымен тәжірибе алмасқан.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі