Жетісайлық шаруа лимоннан алғашқы өнім ала бастады

414
Фото Қуаныш Әуелбеков

Түркістан облысы Жетісай ауданында лимон көшеттері алғашқы өнімін бере бастады. Осыдан екі жыл бұрын 15 соттық жылыжайға тәжірибе ретінде егілген лимонның бір түбі шамамен 10 келіге жуық өнім беруде. Атамекен ауыл округіндегі «Нұрсұлтан» шаруа қожалығының көшетбағын аралап көрген аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев алдағы жылы лимоннан бөлек, шабдалы, құрма ағаштары мен шайлы роза көшеттерін көптеп дайындауға кеңес берді.

Жалпы, «Нұрсұлтан» шаруа қожалығының иелігінде 17 гектар жер бар. Оның 6 гектарына шабдалы, 2 гектарына құрма, 15 соттығына лимон, 80 мың түп шайлы роза көшеті егіліпті. Қожалық төрағасы Мұрат Жұмабеков алдағы жылы лимон көлемін тағы да 20 соттыққа арттыруды жоспарлап отыр. Мамандардың айтуынша, лимон бұтағы 25-30 жылға дейін өнім беруге қауқарлы екен.

«Алғашқыда лимонның көшетін Ташкенттен алып қондырдық. Өкінішке орай тегіс тамыр алып кетпеді. Содан өзіміз лимон көшетін әзірлеуге кірістік. Жұмысымыз нәтижелі болып, биыл алғашқы өнімді ала бастадық», — дейді Мұрат Жұмабеков.
Бұдан бөлек, қожалық биыл шабдалыдан 3 тоннаға жуық өнім алыпты. Қазір мұнда шабдалының 1200 «Супер лола», 1000 түп «Халима» сорты жайқалып тұр. Алдағы жылы 2 гектар құрма да алғашқы өнімін бере бастамақ.

Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі