Инвестициялық бағдарламаға бөлінген қаражат тұтынушылардың сапалы жылу алуына жол ашады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселені өзінің 5 – қазандағы халыққа Жолдауында да атап көрсеткен болатын. Бүгін табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің өңірлік департамент мамандары жылумен қамту мекемесінің жұмысымен танысты.

Инвестициялық бағдарламаны іске асырып, жоспарын жүз пайыз орындағандардың бірі -«Қуатжылуорталығы 3» мекемесі. Нәтижесінде 102 млн. теңге игеріп, 12 шақырым жылу жүйесін жаңартқан. Бұл санаттағы жұмыс әлі бес жылға жалғасады. Ал жылу беру мекемесі 2021 жылға дейін 500 млн. теңгеден астам инвестициялық қаражат салулары тиіс. Ол Ұлтық экономика министрлігі тарапынан қатаң бақыланады.

Шымкент қаласындағы жылу жүйелерінің жалпы ұзындығы 392 шақырымды құрайды. Инвестициялық бағдарламаның аясында жыл сайын 6-7 пайыз құбырлар жаңартылып, жылу сақтауды күшейту, қымтау жұмыстары жүргізіліп келеді. Биылдың өзінде көлемі 700 мм құбыр алмастырылып жатыр. Ал 2015 жылы басталған «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 10 шақырым құбыр жаңартылған екен.

Сала мамандарының айтуынша, кәсіпорынның инвестициялық қызметі аяқталмайды. Бағдарлама аясында 3 млрд. 200 млн. теңгеге жылудың ұзындығы 8 900 метр жаңартылады деген жоспар бар.

Нұрлан Күдерұлы