“Қабірлерде зиярат етіңдер, ол сендердің естеріңе ақыретті түсіреді”. Шымкентте «Өткенге құрмет — елге құрмет» атауымен зираттарда сенбілік өтті. Игі шараға мұрындық болған Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Шымкент қаласының өкілдігі. Бұл бастамадан Қаратау ауданының тұрғындары мен мешіт қызметкерлері де шет қалмады.
Біраз жылдар ұмыт болған бастама қайта жаңғырғанына қуаныш білдірген жамағат таң атысымен “Байғұт баба” мазаратына жиналды. Сенбілікке келгендердің мақсаты бір. Марқұмдардың жатқан жерін тазалау. Мешіттің бас имамы сөз алып, құран бағыштап, зираттардағы сенбіліктің қаншалықты керек дүние екенін түсіндірді.
Зираттарда сенбілік іс — шарасы қаламыздың барлық мазараттарында өткізілді. Жиналғандар мола басын қолдан келгенше арам шөптерден арылтып, күл қоқыстарды сыртқа шығарды. Өткенге құрмет көрсетушілердің арасында жастар жағы аз болды. Мұны байқаған алдыңғы толқын өкпелерін айтып қалды.
Уайыс Тойшыбек, қала тұрғыны: «Жастар жас кезінде мұндай нәрсеге мән бере бермейді. Мұндай игі істі үздіксіз жалғастыратын болсақ, мешіттерде айтылатын болса, үлкендерден көріп жастар да келеді деген үміттеміз».
Алдағы уақытта бұл бастама жалғасын тауып, ұйымдастырушылар жиі өткізуді көздейді. Үшінші мегаполисте тазалықсыз және ұмыт қалған зираттардан бөлек, 50-ге жуық мазарттар бар көрінеді.
Ғалымжан Кенжебек