Экономика министрлігі елге кіргізілетін көлік құралдарына салынатын жаңа кедендік салықты әзірлеуде, деп хабарлайды kolesa.kz. Бекітілетін бұйрық әзірге қоғамдық талқылауда, дегенмен, 2018 жылдың соңына дейін қабылдануы тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы ДСҰ-ның құрамына кірген Қазақстан елге кіргізілетін тауарларға, оның ішінде автокөліктерге де салынатын баж салығының мөлшерін жыл сайын төмендетуге сөз берген еді. Кезекті төмендету 2018 жылдың 1 желтоқсанына дейін іске асуы тиіс.
Жобадан бағаның күтілгендей, бірақ сәл ғана төмендейтіні аңғарылады: жалпы барлық позицияда бар болғаны 1% мөлшерінде өзгеріс байқалады. Бұл ретте, кедендік тарифтерден 3 жылдан 5 жылға дейінгі көліктерді анықтайтын СЭҚ ТН коды кестеден ғайып болған. Яғни, енді бес жастағы көліктер де жаңа деп таныла алады деген сөз.
Сонымен қатар, жаңа аз көлемді көліктерге салынатын салық көлемінің бірнеше жыл қатарынан өзгеріссіз — 15 % (бірыңғай кедендік тарифтен кем) мөлшерінде қалып келе жатқаны да қызық, десе де, оның маңызы айтарлықтай, әрі жақын болашақта көлемі төмендей қоймайтын сияқты.
Электромобильдерді кедендік тексерістен өткізу сәл арзандайды, ал гибридті темір тұлпарлар кезекті рет жеңілдіктен қағылып, бұрынғыдай мотордың көлемі мен қуатына сай тарифтеледі. Ал қозғалтқышының іштен жану қуаты электрлі қозғалтқыштың ең жоғарғы 30 минуттық шегінен асқан жағдайда, бензинді көліктерге қатысты мөлшерлеме қолданылады. Желтоқсан айында ол 1-2 %-ке, яғни кедендік бағасының 15-17 %-іне дейін төмендемек. Бензинді қозғалтқышының қуаты электрлі нұсқамен салыстырғанда төмен болатын (Chevrolet Volt, BMW i3 REX және т.б. батареяны қуаттайтын ІЖҚ-қа ие электромобильдер сынды) автокөлік иелеріне небәрі екі пайыздық баж салығын төлеу жеткілікті. (Қуаттылығы көлік құралының типін мақұлдау құжатында көрсетіледі).
Сонымен қатар, автобустарға, арнайы техника мен өнеркәсіптік көлік құрастыруға арналған бөлшектерге салынатын салық көлемін 1-2 %-ке төмендету жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, көлікті Қазақстанда алғаш рет тіркеуге қою үшін ол Еуро-4 стандартының нормаларына сай болуы, қауіпсіздік жастықтарымен, күндізгі жарық шамдарымен, ISOFIX және т.б. жабдықтармен жарақталуы тиіс. Сондай-ақ, көлік иесіне оны Қазақстанда тіркеу үшін бастапқы тіркеуге қою алымы мен утилизациялық алымды төлеу қажет болады.