«Тәуелсіздік дәуірі» Гёте тілінде жарық көрді. Қазақстанның тұңғыш Президенті күні қарасаңында Берлинде Нұрсұлтан Назарбаевтың кітабы таныстырылды.
«Тәуелсіздік дәуірінің» тұсаукесері Германияның ең беделді Гумбольдт университетінде өтті. Шараға үкімет мүшелері, Бундестаг депутаттары, кәсіпкерлер, дипломаттар мен жазушылар қатысты. Оларға Қазақстан президенті кітабының алғашқы даналары табысталды.
«90-жылдары түрлі қиындықтар болды. Дұрыс саясат пен жүйелі экономикалық ұстанымның арқасында Қазақстанның дамуы табысты болды деп санаймын. Елдеріңіз Еуропа пен Азия үшін сенімді серіктеске айналған. Жетістіктеріңізді көріп, қуанамын. Бұл кітап Қазақстанның 30 жылдық тарихын, тіпті алдағы 50 жылға арналған жоспарларыңызды баяндайды. Бәріне осы туындыны оқуға кеңес берер едім!» – деді Бундестаг депутаты Манфред Грунд.
«Кітапты әлі оқып үлгерген жоқпын, бірақ Нұрсұлтан Назарбаевты біле тұра, ол өте қызық екеніне сенімдімін. Қазақстанды бүкіл әлем сыйлайды. Мұның бәрі салиқалы саясаттың арқасы. Нұрсұлтан Назарбаев елді алға қарай дамыту үшін үлкен еңбек атқарды. Ол – бүгінгі Қазақстанның негізін қалаушы», – деді Германия экономика мен технология министрі /2005-2009/ Михаэль Глос.
Кітап Қазақстанның тәуелсіздік алған тұстан бастап бүгінгі күнге дейін жеткен жетістерін баяндайды. Орталық Азияның көшбасшысына айналған еліміз әлемде бейбітшілік пен тұрақтылық орнату үрдісіне елеулі үлес қосты. Неміс сарапшылары президент кітабына «Қазақ тәуелсіздігінің энциклопедиясы» деген атау берді.
«Елбасымыз баға жетпес еңбек сіңірген. Кітап тарихымыздың ажырамас бөлігін қамтыған, оны неміс қоғамы, неміс оқырмандары білуі керек. Өйткені тәуелсіздігіміздің 27 жылдық тарихы жазылған. Әрбір кезеңі мұқият баяндалған төрт тарауы бар», – дейді ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Үмітхан Мұңалбаева.
«Тәуелсіздік дәуірі» бұған дейін Мәскеу мен Санкт-Петербургте таныстырылды. Кейін Лондонда ағылшын тілінде жарық көрді. Ал келер жылы Бразилияда 270 миллион адам қолданатын португал тілінде басылады деп жоспарланып отыр.
Дереккөз:Хабар 24 және Today.kz