Жылу бағасы өспейді. Бұл туралы жылу беруші «Қуатжылуорталығы-3» мекемесі соңғы үш жылда атқарған жұмыстарын баяндаған есеп беру жиынында айтылды.

Мекеме басшысы инвестициялық бағдарламаның арқасында 11 шақырым жүйе жаңартылғанын жеткізді. Сондай-ақ, 104 млн. теңгеге тағы да сегіз шақырым жылу магистралы жаңартылғанын да қоса айтты. Есептік кездесуге келген тұтынушылардан түскен сауалдың басым бөлігі тозығы жеткен жертөледегі жөндеу жұмыстарына қатысты болды.

Шымкент қаласындағы 1800 – ден астам көпқабатты үйге жылу таратушы мекеме басшылығы тұтынушылардан алынатын әр шаршы метрге 142 теңгенің есебін тарқатып берді. Айтуынша тариф біріншіден мекеменің шығынына байланысты құралады. Ал шығын аз емес. Оған бірнеше себептер бар.
Ең бастысы жылу өндіретін энергоорталық қаладан 19 шақырым шалғайда орналасқан. Екіншіден, энергоорталық қала деңгейінен 72 метр биікте тұрғындарға таратылған жылы суды кері айдау үшін 4 су сорғыш қондырғы орнатылған. Оның жылдық шығыны 500 млн. теңге екен.

Энергоорталық Кеңес одағы кезінде өндіріс орындары үшін салынған. Ал қаладағы №1 және №2 энергоорталықтың істен шығуына байланысты, амалсыз қаладан алыс орталықтан жылу алынады.
Қоғамдық тыңдауға келген қалалықтарды бұл мәселе аса қызықтырмады. Азаматтар тек сапалы жылу алуды сөз етті. Айтуларынша, жылу маусымы басталса да әлі күнге дейін тоңып отырғандары жетерлік. Себебі жертөледегі тозығы жеткен құбырлар дер кезінде ауыстырылмаған.

Жылу таратушы мекеме басшылығы шығынды азайтып, бағаны тұрақтандыру жолында атқарылған тірліктерін айтып шықты. Мәліметіне сенсек, «Нұрсәт» шағынауданындағы қуаттылығы 160 г.к қазандықтың таралу аумағын кеңейтіп және бір қуатылығы 200 г.к қазандық салу жоспары бар.

Нұрлан Күдерұлы