Қытайдан әкелінетін үш дәрі қатерлі ісікке шалдықтыруы мүмкін

466
Фото okeydoc.ru

Тегін берілетін дәрілер тізімінде қауіпті препараттар анықталып, саудадан алынып жатыр. Еліміздегі дәріханаларда еркін сатылып келген препараттардың адам денсаулығына аса қауіпті екені белгілі болды. Нақтырақ айтсақ, «Қытайдан әкелінетін үш дәрінің түрі қатерлі ісікке шалдықтыруы да мүмкін», дейді жауапты мамандар.

Отандық дәріханаларда «Вазар», «Нортиван», «ВазарН» препараттарын сатуға тыйым салынды. Олардың құрамында валсартанның белсенді қоспасы бар екен. Оны ұзақ уақыт ішсе, ағзада қатерлі ісік тудырады деген болжам жасалған. Ал Министрлік бұл дәрілердің қауіпті екенін енді біліпті.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Шымкентте 70 мыңға жуық адам қан қысымының ауытқуы бойынша есепте тұрады. Есепте тұратындардың басым бөлігі сапасыз дәрілерді қабылдаған. Сондықтан мамандар гипертониктерге дәрігердің тексеруінен өтуге кеңес береді. Ал қауіпті деп танылған «Вазар», «Вазар-Н» және «Нортиван» емдеуші таблеткаларын міндетті түрде дәріханаға қайта тапсыру керек.

Қандай жағдай болмасын, дәріні қабылдаған азаматтар дәрігермен кеңесіп шешім қабылдауы тиіс. Десек те, мамандар әзірге аталған дәрілерді қабылдаған пациенттерден шағым түспегенін айтады.

Лаура Нақыпқызы