Шымкент қаласында 2019 жылдың қаңтар айынан бастап 56 мың жұмыскердің жалақысы 1,5 пайызға өседі. Ол дегеніміз ең төменгі жалақы бұрын 28 мың теңге болса, енді 42 мың теңге болады. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 — қазанда халыққа жолдауында айтылды.
Шымкент қаласындағы кәсіпкерлермен арнайы кездескен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Елбасының тапсырмасын орындап, жалақыны өсіріп, азық — түлік бағасын негізсіз қымбататпауға шақырды.
Миллион тұрғыны бар шымкенттіктердің еңбекке жарамдысы 390 мың. Халықтың әл-ауқатын көтеру үшін жалақы жоғары болуы тиіс. Елбасының бастамасын қолдағандардың қатарында кәсіпкерлер көп. Олар жұмысшыларының айлығын көтеруге уәде етті.
Жалақының өсуі азық-түлік бағасына әсер ететіні айтпаса да белгілі. Айлық өспей жатып, базар бағасы шарықтап кеткен. Күнделікті тұтынатын тауар бағасына 5-10 теңге қосылғанын саудагерлер жасырмайды. Тек көкөніс өнімдерінде ғана баға тұрақты.
Қымбатшылыққа тұсау салуды мақсат еткен шаһар басшысы базар басшыларын да жинады. Бағаны өсірмеуді қатаң ескертті. Қаладағы бөлшек саудамен айналысатын «Айна» базарының басшылығы бағаны тұрақтандыру үшін ерте кіріскен. Қала әкімдігімен меморандум түзіп, әлеуметтік тауарлардың құнын ұстап тұруға уәде еткен.
Мұндай жұмысты өзге де базар мен сауда орнының басшылары жалғауға сөз берді. Елбасының тапсырмасын орындауға, бастамасын қолдауға келіскен кәсіпкерлер түсіністік танытып тарқасты.
Нұрлан Күдерұлы