Қостанайлық полицей тірідей өртеніп кетуге шақ қалған адамдарды құтқарып қалды

361
ФОТО: Қостанай облыстық ПД

Бүгін таңғы уақытта полицей таксимен жұмысына бара жатып жеке тұрғын үйлердің бірінен түтін шығып жатқанын байқап қалады. Дереу таксишіге көлікті тоқтатқызады, деп хабарлайды Elitar.kz.

«Мен жүргізушіге жедел жәрдем қызметі мен полицейлерге хабар беруін айтып, өзім өртеніп жатқан үйге қарай жүгіре жөнелдім»,-деді полицей.

Алғашында ол үйдің қақпасын қаққан. Бірақ, ешкім есікті ашпапты. Тәртіп сақшысы қақпадан асып түседі. Үйден қатты қорыққан әйел шығып, оның күйеуі мен екі баласы ұйықтап жатқанын айтады. Полицей Темірболат Шұламбаев ешнәрсеге қарамастан үйге беттейді. Ұйықтап жатқандарды оятып, сыртқа алып шығады. Оған такси жүргізушісі көмекке келген. Әйел азаматы қатты қорыққаны соншалық құжаттарды алып шығып үлгеріпті.

Өрт сөндірушілер мен дәрігерлер оқиға орнына тез келген. Олар өртті сөндіріп үлгерді. Жәбірленушілерге алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Қазір отбасы мүшелерінің жағдайы бірқалыпты. Өрттің шығу салдары анықталып жатыр.

Полицей бұл әрекетін ерлік деп есептемейді. Айтуынша, ол бұл саланы бар болғаны халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында таңдаған және тірідей өртеніп кетуге шақ қалған тұрғындарды құтқаруды өзінің міндеті санаған.